Мемлекет басшысы монументтің ашылу рәсімін Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында өткізудің символдық мәні бар екенін атап өтіп, 29 тамыз Қазақстанның жаңа тарихындағы айрықша күн саналатынын айтты.
– 1949 жылы дәл осы күні Семей полигонында ядролық қару алғаш рет сыналған болатын. Қырық жыл бойғы 450-ден астам жарылыстың салдарынан миллиондаған адам зардап шекті. Менің Жарлығыммен 1991 жылғы 29 тамызда Семей полигоны жабылды. Бүгін, Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні, біз елордамызда жаңа маңызды нысанды – «Бейбітшілік қабырғасы» монументін ашып отырмыз, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтай отырып, бейбітшілікті, достықты, өзара құрмет пен мәдениетке негізделген қағидаттарды ұстанатынын айтты, сондай-ақ Қазақстанның бейбіт бастамалары замандастарымыз бен болашақ ұрпағымыз үшін лайықты үлгі болып, бүкіл адамзат жылнамасына енгенін атап өтті.
– Семей ядролық полигонының жабылуы, ядролық қару-жарақтан бас тартуымыз, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін құру бастамасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, «Әлем. XXI ғасыр» манифесі, Сирия жөніндегі Астана процесі – осының бәрі Қазақстанның жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан нақты үлесі, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев халықтар арасында нақты және ментальдық тұрғыдан бөле-жарудың пайда болуына әкеп соқтырған ауқымды қақтығыстарды, нәсілшілдікті, діни төзбеушілікті адамзат баласының ғасырлар бойы басынан көп өткергенін атап өтіп, бүгінде әлемдік қоғамдастықтың халықаралық терроризм мен радикалды идеялар сияқты жаңа сын-қатерлерге тап болғанына тоқталды.
– Астанада монументтің бой көтеруі тарих сабақтарынан тәлім алып, оны ұмытпауға және еліміздегі бейбітшілік пен ынтымақты бағалауға үндейді. «Бейбітшілік қабырғасы» – бейбіт өмірдің құндылығын дәріптеуді және өткен тарихымыздың қасіретті кезеңдерін қайталамауды замандастарымыздың есіне салып тұратын нысан, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы бұл мемориалдың елорданың тағы да бір көрікті орнына және шаһардың айтулы нысанына айналатынына сенім білдірді.
– Біздің бітімгершілік бастамаларымыз, ең алдымен, болашақ ұрпаққа арналады. Біз барлық тілде ұрпақтарымызға «Бейбітшілікті сақтаңдар!» дейміз. Бұл – жер бетіндегі әрбір адамның бойында болуға тиіс ең басты құндылық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Қазақстан Президенті елорданың 20 жылдығына тарту жасаған Ақтөбе облысына ризашылық білдіріп, Астана тұрғындары мен қала қонақтарына және барша қазақстандықтарға бейбіт өмір, бақ-береке тіледі.