National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Нұрсұлтан Назарбаев «Жаһандық сын-тегеуріндер саммиті» атты ХІ Астана экономикалық форумының пленарлық отырысына қатысты

2018 жылғы 17 мамыр

Мемлекет басшысы пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде Астана экономикалық форумына қатысу көпшілік үшін игі дәстүрге айналғанын атап өтті.

– Он бірінші рет өткізіліп отырған бұл форум экономиканың, инвестицияның және инновацияның мейлінше өзекті мәселелерін талқылауға арналған. Биылғы форум жаһандық сын-тегеуріндерге лайықты жауап табу мәселелерін де қарастырады, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев шиеленісті жағдайлардың көбейгеніне және қазіргі өркениеттің жаңа жаһандық трансформациясына тоқталып, ғаламдық дамудың басты бес мегатрендін атап өтті. Олардың қатарында адам қызметінің барлық салаларын цифрландыру, энергетикалық революция, жер шарындағы тұрғындар санының жылдам өсуі, урбанизация қарқыны мен сипатының және  жаһандық еңбек нарығының өзгеруі бар.

Мемлекет басшысы экономиканың жаңа цифрлық моделінің нәтижесі оның ұлғаюына ғана емес, сондай-ақ 2017 жылы бизнес үшін ең қауіпті деп танылған киберқауіпсіздіктің артуына да байланысты екенін айтты.

– Біз де осы жаңа жағдайға бейімделіп келеміз. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру арқылы елімізде цифрлық инфрақұрылымның және ІТ-экожүйесінің дамуы қамтамасыз етіліп, тұрғындардың 85 пайызының цифрлық сауаттылығы артады. Біз жаңа технологияларды қолдана отырып, 5 жыл ішінде өңдеу секторындағы еңбек өнімділігін 1,5 есе арттыруды жоспарлап отырмыз, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев жиынға қатысушыларға Қазақстанда «жасыл» экономиканы жүйелі түрде дамытудың негізіне айналған «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен ұйымдастырылған «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің қалай өткені жөнінде әңгімеледі.

Мемлекет басшысы жер шары тұрғындарының саны жылдам өсіп келе жатқанына тоқталып, базалық ресурстардың шектеулі екеніне және ауыз су тапшылығының артуына байланысты азық-түлік өндірісін көбейту қажеттігін айтты.

– Агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігі мен ресурстарды пайдалану тиімділігін айтарлықтай арттыру қажет. Бұл сала енді жоғары технологиялық салалардың біріне айналуға тиіс. Қазақстанда заманауи жетістіктерді қолдана отырып, 5 жылда агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігін 2,5 есе арттыру мақсаты қойылып отыр , – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен бірге, Нұрұлтан Назарбаев Қазақстанда агломерацияларды дамыту жөніндегі стратегия іске асырылып жатқанын, сондай-ақ Астананың 20 жылдығын мерекелеу барысында өтетін Жібек жолы елдері ірі қалаларының форумы туралы айтты.

Мемлекет басшысы жаһандық еңбек нарығының трансформациялану мәселесіне тоқталып, креативті ойлау қабілетін қалыптастыруға, қажетті ақпаратты тауып, оны дұрыс қолдану қабілеттерін жетілдіруге бағытталған білім беру саласын реформалау жөнінде Қазақстан тарапынан қабылданып жатқан шараларға назар аударды.

– Біз мемлекет қалыптастыру ісінің бастауында «Болашақ» бағдарламасын жүзеге асыруға кірістік. Сол арқылы 13 мың қазақстандық мемлекет есебінен әлемнің үздік университеттерінде оқуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, елімізде әлемдік деңгейдегі университеттер ашылды. Олардың қатарында Назарбаев Университеті, Қазақстан-Британ техникалық университеті, Қазақстандық менеджмент, экономика және болжау институты және Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті бар. Жаңа «Бес әлеуметтік бастама» арқылы оқу гранттарының саны көбейіп, студент жастардың тұрмыс жағдайы жақсарады, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев аталған жаһандық 5 тренд әлемде орын алып жатқан тұрақсыздық жағдайының арта түсуінің негізгі факторлары болып саналатынын және G-Global бастамасын ұсынғанын атап өтті. Бұл бастама G-7 және G-20 бастамаларына қарағанда, барлық елдердің пікірлері мен мүдделерін біріктіруге мүмкіндік беріп, мейлінше теңгерімді шешімдер табудың нақты тетігіне айнала алады.

– Осы басқосуда орнықты даму, экономикалық теңсіздікті қысқарту, халықаралық сауда-саттықтың, жалған ақпарат таратудың, криптовалютаны қолдану мен оны реттеудің жаңа ережелерін айқындау мәселелерін талқылауға болады. Жаһандық дағдарысқа қарсы шешімдер әзірлеу ісіне бүкіл халықаралық қоғамдастықтың атсалысуы қажет екенін ескеріп, бұл бастаманы Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы алаңда жүзеге асыруды ұсынамыз, – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Соңында Қазақстан Президенті шараға қатысушыларға табыс тілеп, форум жұмысы нәтижелі әрі жемісті болатынына сенім білдірді.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің