National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Елбасы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Көктем шуағы» атты салтанатты концертке барды

2018 жылғы 07 наурыз

Мемлекет басшысы Қазақстанның барлық әйелдер қауымын 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтады.

Нұрсұлтан Назарбаев ел өмірінде әйелдердің ерекше рөл атқаратынына тоқталып, Қазақстандағы өскелең жас ұрпақтың санасына адамгершілік құндылықтарды сіңірудің қажеттілігін айтты.

– Жаһандану жағдайында қыздарымызға тән асыл қасиеттерді сақтауымыз керек. Интернет заманында қаптаған ақпараттар легін біржола тоқтату мүмкін емес. Әрбір бойжеткеннің жақсы мен жаманды ажырата білетін ішкі сүзгісі болуы қажет, – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы қабылданған бес әлеуметтік бастама, ең алдымен, әйелдер қауымына арналғанын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан әйелдерінің бойында еліміздегі бейбітшілік пен бірлікті нығайтуға септігін тигізетін мейірімділік пен жасампаздық энергиясының сарқылмайтын көзі бар екенін атап өтті.

– Бүгінде жас ұрпақтың тәрбиесі мен олардың білім алуына байланысты бүкіл салмақ сіздерге түсіп отыр. Бала қамқорлығына қатысты негізгі міндетті өздеріңізге алып, олардың дүниетанымын қалыптастырасыздар, өзіне деген сенімін жетілдіресіздер. Сіздер өз сенімдеріңізбен, үміттеріңізбен және махаббаттарыңызбен еліміздің жарқын болашағының берік негізін қалап келесіздер, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы бүгінде елімізде 250 мыңға жуық ананың «Алтын алқамен» және «Күміс алқамен» марапатталғанына назар аударып, мемлекетіміздің қарқынды дамуына қазақстандық әйелдердің зор үлес қосқанын атап өтті.

– Жаңа ұрпақтың дүниеге келуі және халқымыздың көбеюі – мемлекетіміздің басты стратегиялық мақсаты. Әйелдер жетістікке жете алмайтын ешқандай сала жоқ. Сіздер кәсібилік пен спорттың, ғылым мен саясаттың шыңдарын бағындыра аласыздар. Қазіргі таңда үш мыңға жуық докторанттың 60 пайызы – әйелдер. Мәжіліс депутаттарының үштен біріне жуығы – қыз-келіншектер. Жалпы, мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлес салмағы елу пайыздан асады. Мұны мемлекетті басқару ісінің тиімділігін арттыруға септігін тигізетін дұрыс үрдіс деп санаймын, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі барлық ер-азаматтардың атынан әйелдер қауымын тағы да мерекелерімен құттықтап, оларға бақыт, махаббат пен бақ-береке тіледі.

Соңында Мемлекет басшысы Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны, көп балалы ана А.Түзелбаеваны «Алтын алқамен» және Астана тұрғыны Р.Аяғанованы «Күміс алқамен» марапаттады.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің