National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысып, Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан жауынгер қазақстандықтарды бір минут үнсіздікпен еске алды

2013 жылғы 09 мамыр

Рәсімге қатысқан ресми делегация құрамында Ұлы Отан соғысының ардагерлері, орталық мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпустардың, «Нұр Отан» ХДП  өкілдері және елорда жұртшылығы болды. Бұған қоса, қаза тапқан майдангерлерге осы айтулы күні құрмет көрсету үшін мыңдаған қала тұрғыны келді.

Рәсімнің ресми бөлімі аяқталғаннан кейін ҚР Республикалық ұланының үрмелі аспаптар оркестрі Қазақстан Республикасының Әнұранын орындады. Содан соң Құрметті қарауыл ротасы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының және Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің алдында салтанатпен сап түзеп жүріп өтті.

Одан кейін Мемлекет басшысы арнайы тігілген шатырлар қалашығына келіп, ардагерлермен әңгімелесіп, оларды Жеңіс күнімен құттықтады.

Қазақстан Президенті уақыт өткен сайын Ұлы Жеңістің қадір-қасиеті арта түсетінін атап өтті. 

- Бұл сұрапыл соғысқа 1 миллион 800 мың қазақстандық аттанып, соның тең жартысы қан майданнан қайтпады. Сондықтан қазақстандықтардың бірнеше ұрпағы әрдайым бұл жеңісті есте сақтайтын болады. Ардагерлер арамызда барған сайын азайып барады, сондықтан да оларды құрметтеп, қадірін жақсы түсінуіміз керек. Олар ерлік, татулық, бірлік көрсетті. Бүгінгі күн көптеген ұрпақ үшін айрықша күн болып саналады. Өйткені осы жеңісті жақындату үшін аталары мен әжелері, әкелері мен аналары майданда соғысты және тылда еңбек етті, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Жеңіс күнінің халықтың бірлігін, тыныштығын, тұрақтылығын білдіретін символдық мәні барын, бұл еліміздің ең басты жетістігі екенін атап көрсетті.      

- Біз азаматтарымызды соғыс отынан сақтай білуіміз қажет. Бүгінде, өкінішке қарай, «ыстық нүктелерден» жеткен ақпараттық мәліметтер дәл бір майдан даласынан жеткендей әсер етеді. Елімізде Тәуелсіздік жылдары ішінде бейбітшілік, достық және келісім салтанат құрып келеді. Осының бәрін сақтауымыз керек, өткен соғыстың тәжірибесі соны көрсетеді. Біз бейбітшіліктің қадірін терең түсінуге тиіспіз. Егер аталарымыз сол кезде жеңіске қол жеткізбеген болса, біз бүгінгі тәуелсіздікті көрер ме едік, көрмес пе едік. Бостандығымыз бен тәуелсіздігімізді бағалай білуіміз керек, ал жастар ардагерлерге әрқашан қамқор болуға тиіс. Өз кезегінде, мемлекет те оларға жан-жақты көмек көрсетеді және оны одан әрі жалғастыра береді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы әр ардагердің отбасына амандық-саулық, бақ-береке, зор денсаулық тілеп, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын олармен бірге атап өтетініне сенімін білдірді.   

Бүгінде Астанада 291 ардагер, соның ішінде – 215 Ұлы Отан соғысына қатысушы және 76 соғыс мүгедегі тіркелген.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің