Қатысушыларға арнаған сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Қытайды сенімді серіктес және тату көрші ретінде жоғары бағалайтынын атап өтті.
– Дипломатиялық қатынастар орнаған кезден бастап біздің елдеріміз екіжақты экономикалық ынтымақтастықта айтарлықтай нәтижелерге жетті. Өткен жылы өзара сауда көлемі 24 миллиард доллар болды. Ортақ күш-жігер жұмсауымыздың арқасында соңғы жылдары өзара іс-қимылдың түрлі тетіктері қалыптастырылды және табысты жұмыс істеуде. Олардың қатарында Ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай комитетінің қызметі мен тұрақты өткізіліп тұратын үкімет басшылары деңгейіндегі кездесулер анағұрлым маңыздысы болып саналады. Өткен жылдар ішінде біз екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуды реттейтін байыпты шарттық-құқықтық база құрдық. Бұл 170-тен астам үкіметаралық және ведомствоаралық құжатты қамтиды, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті елімізде инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған заңдар қабылданғанын атап өтті.
– Олардың қызметіне жан-жақты қолдау көрсетілуде. «Қазақстан-Қытай» мұнай құбырының, «Сарыбұлақ-Зимұнай» және «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырларының құрылысы табысты инвестициялық өзара іс-қимылдың тағы бір мысалына айналды. Қазіргі уақытта біз жаңа Жібек жолын жаңғыртудамыз. Бүкіл еліміз бойынша «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистральді көлік дәлізін, жаңа автомобиль жолдарын және теміржолдарды, теңіз терминалы мен логистикалық орталықтарды іске қосудамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Ұлы Жібек жолын жаңғыртудың тағы бір тәсілі ақпараттық технологиялар саласындағы транзиттік әлеуетті ашу болатындығы жөнінде пікір білдірді.
– Азия мен Еуропа арасындағы телекоммуникациялық арналарға сұраныстың артып отырғанын ескеріп, Қазақстан ақпараттар ағыны үшін мейлінше қолайлы және барынша қысқа бағыт ұсынуға дайын. Елімізде бар дата-орталықтардың қуатын тиімді пайдалануды бірлесіп ойластыруды ұсынамын, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Іскерлік кеңесті құру екі ел бизнесінің арасындағы байланыстарды кеңейтудің қисынды жалғасы болатынына тоқталды.
– Менің ойымша, онда елеулі экономикалық әлеует бар. Бұл құрылым қызметтің ашық форматына ие бола отырып, екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастарды тереңдету жөніндегі пәрменді шараларды қабылдауға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Іскерлік кеңестің аясында салалар мен өндірістерді дамыту жобаларын жүзеге асыруға арналған инвестициялық және жол карталарын жыл сайын әзірлеп, қабылдауды ұсынды.
– Кеңестің тиімді жұмыс істеуі үшін оның аясында Астанада тұрақты жұмыс органын құру қажет деп есептеймін. Одан бөлек, тараптар үшін басым бағыттарды нысанаға алған салалық жұмыс топтарын ұйымдастырған жөн, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысының тағы бір ұсынысы Іскерлік кеңестің күш-жігерін кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға, екі елдің іскер топтары мен мемлекеттік құрылымдары арасында сұхбат алаңын қалыптастыруға бағыттау жөнінде болды.
– Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты жандандыруға септігін тигізетін көрмелерді, сауда жәрмеңкелерін, семинарларды, конференциялар мен екі елдің таныстырылымдарын тұрақты өткізіп тұру қажет. Сондай-ақ, тиімді пікір және іскерлік ақпараттар алмасуды жолға қою мақсатында Іскерлік кеңеске мерзімді баспа және электронды басылымдар шығаруды қамтамасыз ету ұсынылады, – деді Қазақстан Президенті.
Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев Іскерлік кеңестің құрылтайшылық отырысы екі елдің сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығын одан әрі жандандыруге қатысты құнды ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин қатысушыларды Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің ашылуымен құттықтады және екі елдің түрлі салалардағы ынтымақтастығы бұрын қол жетпеген биікке көтерілгенін атап айтты.
– Менің сапарымның ең басты міндеті – екіжақты қатынастарымызды жаңа белестерге көтеру үшін Қазақстан Президентімен бірге бар күш-жігерді жұмсау. Қазақстан – тартылған қытай инвестицияларының көлемі жағынан ТМД-дағы ірі ел. Қазақстанмен бірге біз құбыр желісін және шекаралық ынтымақтастықтың халықаралық орталығын салдық. Табысты ынтымақтастықтың мұндай мысалдары өте көп, – деді Си Цзиньпин.
ҚХР Төрағасы Іскерлік кеңесін құру екі ел бизнес-қауымдастықтарының сауда-экономикалық қарым-қатынастарды нығайтуға деген құлшынысының айғағы екенін айтып, бұл Кеңес ынтымақтастықтың жаңа үлгілерін әзірлейтініне және өзара тиімді серіктестікке компанияларды көптеп тартатындығына үміт артты.
Іскерлік кеңес отырысының барысында экономикалық және инвестициялық байланыстарды тереңдетуге бағытталған бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды.
Отырыс соңында Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин «Бозой-Шымкент» учаскесіндегі «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбырын газбен толтыруды бастауға арналған ресми салтанатқа қатысты.