National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Парламентінің бесінші шақырылымы үшінші сессиясының ашылуында сөз сөйледі

2013 жылғы 02 қыркүйек

Өз сөзінде Мемлекет басшысы үш партиялы Парламент Мәжілісі оң нәтиже көрсеткенін және бүгінде партиялық фракциялар ынтымақтастығының тиімді тетіктері толығымен қалыптасқанын атап өтті.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев таяу келешектегі бірқатар заң шығару міндеттерін анықтап берді.

– Заң шығару процесінің басымдығы тұрақты экономикалық өсімді құқықтық қамтамасыз ету болып қала беруге тиісті. Мен жалпыға ортақ экономикалық тұрақтылықтың жедел орын алу кезеңін күтіп жайбарақат жүрмеу керектігін бірнеше рет айтқанмын. Жаңа жаһандық дағдарыстардың ықтималдығы азайып отырған жоқ. Экспорттық өнімдер мен шикізатқа бағаның тұрақсыз болуы – бұл ұзақ мерзімді үрдіс. Тек сыртқы кредиттеуге үміт арту ақылдылық емес. Сондықтан барлық ішкі мүмкіндік пен даму көздерін толық іске қосу маңызды. Осыған байланысты отандық бизнес өзін сенімді сезініп, тиімді дами алатын орта қалыптастыру маңызды болып саналады. Мен Үкіметке Кәсіпкерлік кодекс жобасын әзірлеуді тапсырдым. Онда Қазақстан кәсіпкерлері қызметі мен олардың мемлекетпен өзара іс-қимылының базалық қағидаттарын бекіту қажет. Бұл «Қазақстан бизнесінің конституциясы» болуға тиіс, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті маңызды міндеттер ретінде барлауға құқықты ұсыну жүйесін түбегейлі жеңілдету және «жеміссіз» кен орындарына қатысты алыпсатарлық практикасын болдырмау үшін «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңға өзгерістер енгізуді де белгілеп берді.

Нұрсұлтан Назарбаев елімізде әлеуметтік жаңғыртуды одан әрі құқықтық қамтамасыз етуге назар аударды.

– Бұл арада азаматтарды, ең алдымен, зейнет жасындағыларды, әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесін реформалау жөніндегі жұмысты жандандыру маңызды. Зейнетақы жүйесін реформалауға байланысты қазақстандықтарға арнаған өз Үндеуімде мен Үкіметке азаматтардың зейнетақы жинақтары өсімінің қосымша кепілдіктері туралы бірқатар тапсырмалар бердім. Атап айтқанда, біріншіден, жұмыс істейтін әйелдер үшін бала туу және бала күтімі бойынша демалыста болған кезеңінде міндетті зейнетақы жарналарын бюджеттік қаражат есебінен субсидиялауды қамтамасыз ету қажет. Екіншіден, жұмыс берушілер өз жұмыскерлерінің зейнетақы есебіне 5 пайыздық міндетті қаражат аударуды енгізу керек. Үшіншіден, тағы 5 пайыздық міндетті кәсіби жарналар мөлшерлемесін кезең-кезеңімен арттыруды қарастырғаны жөн. Және, төртіншіден, еліміздің ең перспективалы саласындағы зейнетақы активтерін инвестициялау тиімділігін арттыруды қамтамасыз ету керек, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы құқық қорғау заңнамасын жаңғыртуға байланысты заң шығару бөлігіндегі міндеттерді атап өтті.

– Парламент алдында жаңа Қылмыстық, Қылмыстық-іс жүргізу, Қылмыстық-атқару кодекстерін, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі жобаларын қарау міндеті тұр. Шын мәнінде, әлемдік тәжірибені пайдалана отырып, Қазақстанның құқық қорғау және сот жүйесінің жаңа құқықтық негізі қалыптастырылатын болады. Үкімет және заң шығарушылар қылмыстық құқықты ізгілендіру үрдістері мен қоғамда құқық бұзушылыққа мүлде төзбеушілікті қалыптастыру арасында ортақ вектор орнықтыруы маңызды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Қазақстан Президенті Қазақстанның одан әрі дамуы мен өсіп-өркендеуіне бағытталған маңызды шешімдер қабылдауда Парламент пен Үкімет келісімге келе отырып, тиімді қызмет атқаратынына сенім білдірді.                      

Сөздің толық мәтінін мына жерден қараңыз.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің