Мемлекет басшысы өз сөзінде бүгінгі кездесуге Ауғанстанның одан арғы дамуына байланысты мәселелердің талқылауға шығарылғанын атап өтті. Бұл ел қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне көмек көрсетуші халықаралық күштердің миссиясы аяқталуына орай маңызды тарихи кезеңге қадам басып отыр.
- Ел аумағының көп бөлігі қазір Ауғанстан Үкіметінің жауапкершілігінде. Біз бұл үрдісті нығайта түсу жөніндегі ел басшылығы мен халықаралық қоғамдастықтың күш салуына қолдау білдіреміз. Алайда халықаралық коалиция күштерінің шығарылуы, менің пікірімше, Ауғанстанға әлемнің назарының бәсеңдеуінің белгісі ретінде қарастырылуға тиіс емес. Ол елдің барлық толыққанды күштері үшін жаңа, бейбіт даму кезеңіне өтудің белгісі болуға тиіс, - деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев басты міндет ішкіұлттық келісімнің жетістігі мен ұзақ мерзімді бейбітшіліктің негізін қамтамасыз ету екенін атап өтті.
- Ауғанстан проблемасын шешудің кілті, ең алдымен, оның заңды өкілдері ретінде ауған халқының және үкіметінің өз қолында. Әлемдік қоғамдастық үшін ауғанаралық үнқатысудың дамуын толығымен ынталандыру маңызды. Ауғанстанда бейбітшілік пен тәртіп орнықтыруға дайын екенін көрсеткен күштер қолдауға ие болуға тиіс. Осы орайда 2014 жылға жоспарланған Ауғанстандағы президенттік сайлау өте маңызды болып отыр. Біз сайланған мемлекет басшысы мейлінше ауған қоғамының барлық буынының қолдауына ие болады деп үміттенеміз, - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті халықаралық көмек көрсету бағдарламаларының негізін құраушы элемент Ауғанстанды экономикалық тұрғыдан оңалту екенін атап көрсетті. Ол бұл үшін өңірлік интеграцияның маңызды шарт болып табылатынына тоқталды, Қазақстан өңірлік көлік инфрақұрылымын құруға белсенді түрде инвестиция салуда, сондай-ақ әлі пысықталып жатқан өңірлік ірі жобаларға қолдау көрсетуде.
Мемлекет басшысы Ауғанстанды дамытуға байланысты міндеттерді шешу үшін қуатты көлік торабы ретінде Алматы қаласының мүмкіндіктерін іске қосқан жөн екені туралы пікірін білдірді.
- Алматы – халықаралық, соның ішінде БҰҰ жүйесі агенттіктері орналасқан орын. Сондықтан Алматыда БҰҰ халықаралық орталығын құру туралы ұсыныс әлі күнге дейін өзектілігін сақтап отыр. Сондай-ақ, оның қызметі Ауғанстанды қақтығыстан кейінгі оңалтуға бағытталатын болады. Мұндай құрылым БҰҰ-ның өңірлік және субөңірлік өкілдіктері, халықаралық және өңіраралық ұйымдар арқылы бұл елде қаржылық-экономикалық көмекті үйлестіру үшін қажет. Бұл қазіргі бағдарламаларды және келешекте көпжақты ынтымақтастық міндеттерін тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді, - деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Ауғанстанды қалпына келтіру жөнінде халықаралық қоғамдастықтың гуманитарлық күш-жігер жұмсау ісіне еліміздің белсене қатысып отырғанын атап өтті.
– Ауғанстандағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмек көрсету жөніндегі халықаралық күштер операцияларының басынан бастап Қазақстан Альянспен бірге жүктерді транзиттеу туралы келісімді, сондай-ақ АҚШ-пен, Германиямен, Франциямен, Испаниямен және Ұлыбританиямен екіжақты уағдаластықты жүзеге асыру аясында коалиция әскерлеріне жәрдемдесуде. Қазір біз Ақтау порты есебінен НАТО-ның жүктері үшін транзиттік әлеуетті арттыруға дайындалып жатырмыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы 2007 жылдан бері еліміздің арнайы Ауғанстанға көмек жоспарын жүзеге асырып келе жатқанына тоқталды.
– Оның аясында жас ауған азаматтары үшін 1000 бейбіт мамандық иелерін даярлау бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жыл сайын Қазақстан Ауғанстанға қайтарымсыз техникалық және гуманитарлық көмек көрсетеді. Қазақстанның қаражатына Талукан – Құндыз – Ширхан – Бандар автожолы қайта салынды. Қазақстанның көмегі есебінен мектеп пен аурухана тұрғызылды. Қазіргі уақытта Қазақстанда «КаzAID-тың» дамуына ресми және техникалық тұрғыдан көмек көрсету жөніндегі ұлттық агенттік құрылу үстінде. Оның қызметінің басым бағытының бірі Ауғанстандағы жобаларды жүзеге асыру болатын болады, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев бұдан әрі де Қазақстанның Ауғанстандағы бейбіт өмірді қалпына келтіруге әлеуметтік және білім беру бағдарламалары мен жобаларына, азық-түлік пен жанар-жағармай жеткізу түріндегі гуманитарлық көмекке ден қою арқылы жәрдемдесе беретінін атап өтті.
Сонымен қатар, ол өңірлік дамудың есірткі өндірісімен және есірткі тасымалымен күрес мәселесі сияқты сын-қатеріне назар аударды.
– Оны кешенді түрде шешіп алмай, 2014 жылдан кейін де Ауғанстандағы тыныштық пен тұрақтылыққа қол жеткізу қиын болады. Бұл үдерістегі маңызды рөлді, біздің ойымызша, есірткілік, психотроптық заттар мен олардың прекурстарының заңсыз айналымымен күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы атқаруға тиіс. Алматыда БҰҰ қолдауымен құрылған бұл бірегей құрылым қазірдің өзінде өңірдегі трансшекаралық есірткі қылмысымен күрестің тиімді тетігі ретінде өзін көрсете білді, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті өңірлік тағы бір маңызды мәселе халықаралық терроризм мен діни экстремизмнің қатері болып қала беретінін атап өтті. Ауғанстан террорлық және экстремистік әрекеттің көзі және оны соның ішінде, көршілес елдерге де таратушы болуды жалғастырып отыр.
Мемлекет басшысы бұл конференция Ауғанстан үшін маңызды осы кезеңде «шешуші сәтке» айналуға тиіс екендігін атап өтті.
- Айқын тәсілдер, сындарлы саясат, өңірдің тұрақты дамуына зиян келтіретін геосаяси стратегиядан бас тарту – «өңірлік мүдделер тұғырнамасы» жөніндегі біздің тезисіміздің негізін құрайтын нәрселер осылар. Біз Еуразия кеңістігі елдерінің өңірдегі бейбітшілікті сақтау мақсатында Ауғанстан мәселесіне байланысты ниеттестік бірлігі бар екенін мәлімдеуге тиіспіз. Бұл бастаманы өңірден тыс елдер де қолдайды деп үміттенемін. Форумның қорытынды құжаты – Алматы декларациясында халықаралық қауымдастықтың Ауғанстанды жауапты және тең құқықты серіктес ретінде одан әрі қарай қолдау жөніндегі бағыты мен стратегиясы өзгермейтіні туралы ауған қоғамына, елдегі және одан тысқары саяси күштерге арналған нақты белгі беруіміз көрініс табуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Конференцияға қатысушыларға форумды қуаттап-қолдағандары, саяси диалогқа қосқан үлестері үшін алғыс айтып, жұмыстарына жеміс тілейді.
Конференция барысында Ауғанстан Ислам Республикасының сыртқы істер министрі З.Расул, Қазақстанда оқып жатқан ауғанстандық студент қыз Р.Саруари сөз сөйледі, сондай-ақ, БҰҰ Бас хатшысының арнаулы өкілі, БҰҰ-ның Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі миссиясының жетекшісі Ян Кубиш сөз алып, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның үндеуін оқып берді. Сонымен қатар, Алматы қаласының әкімі А.Есімов сөз сөйледі.
Ауғанстан жөніндегі Стамбул процесі 2011 жылы Стамбулда Ауғанстан жөнінде «Азия жүрегі» деп аталатын формат ауқымында елдердің сыртқы істер министрлері деңгейінде өткен халықаралық конференция қорытындылары бойынша қолға алынды. Стамбул процесі Ауғанстанды өңірдің саяси және экономикалық өміріне тарту мақсатымен мүдделі елдер арасында саяси диалог жүргізіп, ілгерілетуге бағытталған.
Конференция жұмысына өңірдегі мемлекеттердің, атап айтқанда, Ауғанстан, Үндістан, Қырғызстан, Пәкстан, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктерінің сыртқы істер министрлері, сондай-ақ, АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Швецияны қоса алғанда, өңірден тыс бірқатар елдердің министрлері мен жоғары лауазымды өкілдері қатысты. Халықаралық ұйымдар атынан ЕЫҚҰ, АӨСШК, ИЫҰ, ШЫҰ, ЭЫҰ өкілдері, сондай-ақ, БҰҰ-ның Ауғанстандағы миссиясының және басқа халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты.
Президент сөзінің толық мәтінін мына жерден қараңыз.