Іс-шараға қатысушылардың қатарында АӨСШК елдерінің сыртқы істер министрлері мен бірқатар халықаралық ұйымдардың өкілдері болды.
Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде 1992 жылдың 5 қазанында БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясының мінберінде өз тарапынан Азия құрлығында ынтымақтастықтың түрлі салаларында өзара сенім шараларын әзірлеу үшін мемлекетаралық үнқатысу алаңын қалыптастыру туралы ұсыныс болғанын атап өтті.
- Бүгін, арада 20 жыл өткеннен кейін, АӨСШК, Азия құрлығының 90 пайыздан астам аумағын алып жатқан, біздің планетамыздың жартысынан астам тұрғыны тұрып жатқан 24 мемлекетті біріктірген, тиімді көпқырлы дипломатиялық форумға айналды. Мен осы бастамаға қолдау көрсеткені үшін барлық елдерге зор алғысымды айтамын. Сіздер осынау 20 жыл ішінде бізбен бірге ұйымды дамытуға атсалыстыңыздар. Сонымен қатар, Сіздерді АӨСШК 20 жылдығымен құттықтаймын және барлық қатысушыларға көрсетіп келген ұдайы қолдауы мен біздің форумның тиімділігін арттыруға қосқан зор үлесі үшін ризашылығымды білдіремін, - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті өткен жылдар ішінде мол іс атқарылғанын, нақты нәтижеге қол жеткізілгенін атап өтті. Екі жыл ішінде АӨСШК өз географиясын айтарлықтай кеңейтті. Вьетнам, Ирак, Бахрейн және Камбоджа Форумның жаңа мүшелігіне өтті. Бангладеш пен Филиппин бақылаушылар ретінде енді.
- Азия құрлығы өзінің экономикалық әлеуеті мен әлемдік саясаттағы ықпалының дәрежесі бойынша XXI ғасырдағы жаhандық халықаралық қатынастардың басты алаңына айналды. Бүгінде осы аймақтағы елдердің жиынтығы жалпыәлемдік ішкі жалпы өнімнің 57 пайызын өндіреді.
Сонымен қатар, өкінішке қарай, Азияда аумақтық даулар мен қайшылықтарға байланысты шешімін таппаған мемлекетаралық проблемалар асқынуда. Бұл ретте Азия өңірі ядролық қаруға ие және өзінің әскери әлеуетін белсенділікпен арттырушы мемлекеттер анағұрлым топтасқан аймақ саналады, - деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Азия елдері арасындағы сенім нығайтылмаса, қауіпсіздіктің ауқымды мәселелерін шешуде елеулі нәтижелерге жету қиын екеніне тоқталды. Осыған байланысты Азиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселелері бойынша бірлескен шешімдер қабылдау үшін Форумның әлеуетін кеңінен пайдалану қажет.
- Қазақстан - ядролық қарусыз әлем үшін қозғалыстың көшбасшыларының бірі. Біз Семей ядролық сынақ алаңын жабу арқылы, Қазақстанның меншігінде болған ядролық қарудан мәңгілікке бас тарта отырып, осынау үдеріске орасан зор тарихи үлес қостық. Біз барлық елдерді Ядролық қарусыз әлемнің Жалпыға ортақ декларациясын қабылдауға шақырамыз. Бұл күрделі мәселені шешу үшін уақыт керектігін түсінеміз. Бірақ, адамзатты құтқару үшін бұл үдерісті бастау қажет. Вашингтон мен Сеулде өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаhандық саммиттерде көтерген, Қазақстанда МАГАТЭ қамқорлығымен халықаралық ядролық отын банкін құру туралы қазақстандық жаңа бастама бүкіләлемдік қолдауға ие болды, - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Азия-Тынық мұхиты аймағында түрлі көптарапты өңірлік және трансөңірлік бірлестіктің жұмыс істейтінін айтты.
- Сонымен қатар, қауіпсіздік саласындағы оның даму институттарының Еуропадан айырмашылығы, Азияда ЕҚЫҰ-ға ұқсас жалпы континентальды ауқымды жүйе жоқ. Осы бағытта Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі өңірде қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қолдаудың институционалдық құралы ретінде ерекше мәнге және қажеттілікке ие. Қағидаттар декларациясында, Алматы актісінде және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің сенім шаралары каталогында Азияның қауіпсіздік жүйесінің саяси-құқықтық негіздері салынған. Әлемде және өңірде қауіпсіздіктің негізгі тақырыптары бойынша Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше мемлекеттердің топтастырушы көзқарастары әзірленді. Осының барлығы Кеңес ұйымды трансформациялану үшін қажетті әлеуетке ие екенін білдіреді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы АӨСШК-нің төртінші саммитіне дейін Ұйымның құрылуы жөнінде белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілетініне сенімін білдірді. Соның ішінде, АӨСШК-нің Хатшылығы басшысының мәртебесі Атқарушы директордан Бас хатшы деңгейіне дейін жоғарылатылмақ. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті рәсімнің қолданыстағы Қағидаларына тиісті өзгерістерді енгізе отырып, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Тұрақты комитетін құру мәселесін қарауды ұсынды. Сондай-ақ, Еуроатлантикалық және Еуроазиялық қауіпсіздіктің ортақ платформасын құруда трансформациялауға болатын АӨСШК мен ЕҚЫҰ арасында өзара іс-қимылды жалғастыру және оны дамыту қажеттілігі атап өтілді. Осы орайда, ЕҚЫҰ тарапынан АӨСШК-мен ынтымақтастық жөнінде баламалы ұсыныстар түсуде.
- Бүгінгі таңда Азия қарқынды дамып келе жатқандықтан, бізге әсіресе, қауіпсіздік пен ынтымақтастықты тегіс қамтитын және тиімді институт қажет. Осы орайда, АӨСШК қауіпсіздіктің жаңа ауқымды архитектурасында өзінің лайықты орнын алуы тиіс. Әрине, форумның тиімділігі, іскерлігі мен дамуы біздің ұйымның әрбір мүшесінің, сіздер өкілі болып табылатын әр мемлекеттің белсенді қатысуына байланысты. Бірлесе атқарған белсенді жұмысымыз біздің ұйымды ықпалды және тиімді ете түседі деп үміт артамын. Егер біз тиімді өзара іс-қимылымызбен және бір-бірімізге деген жасампаз сеніммен проблемаларға қарсы тұра алсақ, онда Азияда шешілмейтін мәселенің болмайтынына сенім білдіремін. Осыны ұғыну біздің субконтинент пен барлық планетаның жарқын болашағына деген үмітімізді оятып, сенімімізді нығайтады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Ахмет Дәуітоғлы ұйымның 20 жылдығы АӨСШК үдерісі үшін тарихи кезең болып табылатынын мәлім етті.
- Бұдан 20 жыл бұрын Президент Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясында АӨСШК-ті құру туралы бастаманы алғаш рет жариялаған кезде, ол бар болғаны тілек екені біздің есімізде. Бүгінде АӨСШК әлем халқының үлкен бөлігін қамтыған, 24 мемлекет мүше және 8 мемлекет бақылаушы болып табылатын трансөңірлік ұйым болып саналады. Біз Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бастаманың шындыққа айналуының куәсіміз. Түркия қазір Кеңестің іс басындағы төрағасы болғанын мақтан тұтады. Қазақстанға АӨСШК үдерісіндегі басшылығы мен осы мерейтойлық сессияны ұйымдастыруға сіңірген орасан еңбегі үшін алғысымды айтамын.