National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Елбасы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 28-ші жалпы отырысына қатысты

2015 жылғы 04 маусым

 

Іс-шара басталмас бұрын Мемлекет басшысы елдің агроөнеркәсіп кешенінің инвестициялық жобаларымен танысты.

Елбасы Қазақстанның күрделі сыртқы экономикалық жағдайлар мен геосаяси сын-қатерлерге қарамастан орнықты экономикалық өсімге қол жеткізіп, шетелдік инвесторлар үшін тартымдылығымен танылып отырғанын атап өтті.

– Биыл жалпы отырыстың тақырыбы Қазақстандағы агробизнестің дамуы туралы болды. Мұндай тақырып кездейсоқ таңдалған жоқ. Қазақстан – аумағы жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын және ауыл шаруашылығының бірегей ресурстарына ие ел. Қазақстан дәстүрлі өңірлік нарықтарды, сондай-ақ Қытайдағы, Үндістан мен Таяу Шығыстағы жаңа нарықтарды қамтамасыз ету үшін географиялық тұрғыдан қолайлы орналасқан. Ауыл шаруашылығы ресурстарының ауқымын ескерсек, елдің отандық және шетелдік инвесторлар үшін тартымды, бірақ әлі ашыла қоймаған әлеуеті бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 Қазақстан Президенті елдегі мүмкіндіктерді пайдалану үшін бірқатар шаралардың бірнеше бағытта жүзеге асырылып жатқанын айтты. Солардың қатарында қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру, трансұлттық компанияларды тарту арқылы өңдеу ісін дамыту, ғылымды, инновацияны және кадр даярлауды ынталандыру, институционалдық реформалар жүргізу шаралары бар.

Нұрсұлтан Назарбаев инвесторларды Қазақстандағы агроөндірісті дамыту үшін инвестиция салуға шақырды.

– Бұл біздің бәрімізге пайдалы болатынына сенімдімін. Инвестициялық үдерісте қажетті қаржылық инфрақұрылымның болуы маңызды рөл атқарады. Осы мақсатпен «ЭКСПО-2017» базасында халықаралық қаржы орталығын ашу қарастырылуда. Сондықтан Кеңестің келесі 29-отырысын «Астана – халықаралық қаржы орталығы» тақырыбына арнап, оны елордада өткізуді ұсынамын, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Мемлекет басшысы қатысушыларға қызықты баяндамалары мен ұсыныстары, түсіндірмелері үшін ризашылығын білдіріп, кеңес жұмысына көп жылдан бері қолдау көрсетіліп келе жатқанына, Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жетілдіруге қосылған үлеске жоғары баға берді.

Отырыс барысында Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті С.Чакрабарти, Инвестициялар және даму министрі Ә.Исекешев, «Шетелдік инвесторлардың қазақстандық кеңесі» қауымдастығы басқармасының төрағасы У.Вокурка, Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков сөз сөйледі.

Сонымен қатар, «Бейкер және Маккензи Интернешнл» компаниясының бас директорының орынбасары Э.Шир, «Филип Морис Интернешнл» компаниясының аға вице-президенті Н.Дэнис, «Ситигруп» бас атқарушы директоры  Дж.Коулз, «Эрнст энд Янг» жаһандық басқарушы серіктесі К.Ди Сибио, «Дойче Банк АГ» басқарушы директоры П.Тильс, «Делойт СНГ» басқарушы серіктесі И.Коулберн, «Русские машины» директорлар кеңесінің төрағасы З.Вольф күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша өз пікірлерін ортаға салды.  

Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінің толық мәтінін мына жерден қараңыз. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің