Мемлекет басшысы журналистер алдында сөйлеген сөзінде Бесінші Каспий саммитінің Каспий теңізінің халықаралық күні қарсаңында өтуінің символдық мәні бар екенін атап өтті.
– Біз әріптестерімізбен бірге Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін реттеу жөніндегі көп жылғы жұмыстарды қорытындыладық. Көп жақты тәжірибелік іс-қимылдарды ілгерілетуге қатысты жұмыстардың жағдайы мен кейінгі атқарылатын шараларды талқыладық. Сауда, экономика, көлік және қауіпсіздік салаларына байланысты маңызды келісімдерге қол қойдық, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы жүргізілген келісімдердің табыстылығына тоқталып, Конвенцияны дайындау процесінде барлық ел Каспий өңірінің саяси тұрақтылығы мен дамуын, сондай-ақ оның табиғи байлығының қорғалып, көбейтілуін қамтамасыз ету мүддесін көздегенін айтты.
– Көп жылғы сіңірген еңбектің шарықтау шегі бүгін Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қоюмен аяқталды. Конвенция «Каспий теңізінің конституциясы» болып саналады. Мұнда теңіз жағасындағы мемлекеттердің құқықтары мен міндеттеріне, сондай-ақ, өңірдің қауіпсіздігіне, тұрақтылығы мен өркендеуіне кепіл болуға қатысты барлық кешенді мәселелерді реттеу қарастырылған, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев брифингке қатысқан журналистерге Конвенцияның Каспий жағасындағы елдердің ынтымақтастығы үшін барлық бағыттар бойынша тиімді заңды база қалыптастыратынын және әрбір тараптың қызметі үшін негізге алынатын ұстанымдарды анықтайтынын айтты.
– Атап айтқанда, Каспий теңізін бейбітшілік, тату көршілік және достық аймағына айналдыру, оны бейбіт мақсатта пайдалану, егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу, Каспий теңізінде тараптарға қатысы жоқ қарулы күштерді болдырмау мәселелері қамтылған. Біз аумақтық су көлемін 15 теңіз мил етіп бекіттік. Осыған орай оның сыртқы шекарасы мемлекеттік мәртебеге ие болады. Аумақтық суға он мильдік балық аулау аймағы жалғасады. Әрбір мемлекет балық аулау кәсібінде ерекше құқыққа ие болады. Теңіздің балық аулау аймағынан тыс бөлігі ортақ су кеңістігі болып қала береді. Мемлекеттік теңіз шекарасынан тыс аумақта Каспий жағасындағы елдердің туы бар кемелері еркін жүзе беретін болады. Басқа теңізге және әлемдік мұхитқа шығу еркіндігі жөніндегі уағдаластықтың маңызы зор. Әрбір мемлекет өз бөлігінің шегіндегі теңіз түбінің байлықтарына қатысты егемендік құқығын жүзеге асырады. Сондықтан, теңіз түбі арқылы магистральды құбырлар мен кабельдерді жүргізу экологиялық талаптарды сақтағанда ғана мүмкін болатыны қарастырылған, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті осы ұстанымдардың сақталуы Каспий жағасындағы елдердің көлік инфрақұрылымының дамуына, Каспий өңірінің транзиттік әлеуетінің артуына сондай-ақ Каспийдің экологиялық жүйесі мен биологиялық ресурстарының керемет популяциясының қорғалуына септігін тигізетінін атап өтті.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Каспий теңізі бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде бірқатар қосымша шараларды, соның ішінде, әскери қызмет саласындағы келісілген сенім шаралары жөнінде бес жақты арнайы келісімнің қорытындысы, Каспий жағасындағы елдердің сауда-экономикалық қарым-қатынастарын, әсіресе, инвестициялық ынтымақтастық және энергетикалық саладағы жобаларды жүзеге асыру жөніндегі мәселелерді жандандыру, саясат тарифін жетілдіру және тасымалдау жағдайын жақсарту, сондай-ақ биологиялық ресурстарды заңсыз кәсіпке айналдырғандарға қарсы күрес жөнінде құжат қабылдауды ұсынды.
Соңында Мемлекет басшысы Ақтау саммиті Каспий маңы елдері ауқымды міндеттерді бірлесіп шеше алатынын тағы бір рет көрсеткенін айтып, қабылданған халықаралық шарттар мен қол жеткізілген уағдаластықтар «Каспий бестігінің» әлеуетін толықтай ашуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Сондай-ақ, саммит қорытындысы бойынша Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов мәлімдеме жасады.
***
Бесінші Каспий саммитінің қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:
1. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция;
2. Каспий теңізінде терроримге қарсы күрес жүргізу саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама;
3. Каспий теңізінде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жүргізу саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама;
4. Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім;
5. Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасында көлік саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
6. Каспий теңізінде жанжалдың алдын алу туралы келісім;
7. Шекара ведомстволарының ынтымақтастығы мен өзара іс-қимылы туралы хаттама.