Отырыс барысында Мемлекет басшысы Премьер-Министр К.Мәсімов бастаған Үкіметтің отставкасын қабыл алғанын тағы да атап өтті.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев К.Мәсімовке және Үкімет мүшелеріне атқарған жұмыстары үшін алғыс айтып, қызметтеріндегі күрделі кезеңге қарамастан алға қойылған барлық міндеттердің орындалғанын айтты.
Конституцияның 44-бабына сәйкес, Елбасы Парламент Мәжілісінің қарауына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі лауазымына Бақытжан Сағынтаевтың кандидатурасын ұсынды.
– Облыстардың, Астана мен Алматы қалалары әкімдерінің қатысуымен өткен Үкіметтің бүгінгі кеңейтілген отырысында жаңа министрлер кабинеті шешуге тиісті бірқатар жаңа міндеттер қойдым. Әлемдік экономика мен саясаттың қазіргі тұрақсыздығы жағдайында стратегиялық бағдарламаларымызды іске асыруды жалғастыру маңызды. Үкіметтен барлық бағыт бойынша нақты, сауатты жұмыс талап етіледі. Бақытжан Сағынтаев жаңа Үкімет жұмысының сабақтастығы мен тиімділігін сақтау үшін лайықты кандидатура деп ойлаймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мәжіліс депутаттары Премьер-Министр лауазымына ұсынылған Б.Сағынтаевтың кандидатурасын бірауыздан мақұлдады.
Б.Сағынтаев көрсетілген сенім үшін алғыс білдіріп, жүктелген міндеттерді орындауға бар күш-жігері мен білімін жұмсайтынын айтты.