Мемлекет басшысы Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік концертті тамашалады.
«Қазақ елі» монументі алдындағы алаңда Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени орталықтарының өкілдері өздерінің ұлттық дәстүрін көрсетіп, ән айтып, би билеп қарсы алды.
Елбасы барша қазақстандықтарды және шараға қатысушыларды мемлекеттік мерекемен құттықтады.
– Баршаңызды ортақ мейрамымыз – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын. Бірліктің арқасында біз тәуелсіз мемлекет бола білдік. Біздің бірлігімізді барлық ұлыстар дәріптеп отыр. Бізге әлемнің түкпір-түкпірінен көпұлтты мемлекетті қалай құру керек екенін үйрену үшін келетіндер бар, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы еліміз айтулы жетістіктерге көпұлтты Қазақстан халқының бірлігі мен достығының арқасында қол жеткізгенін атап өтті.
– Бірлігіміздің арқасында біз озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу және халықтың әл-ауқатын арттыру үшін өзімізге жауапкершілік жүктедік. Халқымыздың береке-бірлігінің арқасында мен әрбір қазақстандықтың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» жария еттім, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Қазақстан Президенті барша жұртты мерекемен құттықтап, өскелең ұрпақтың болашағының жарқын болуына ниеттестік білдіріп, әр отбасыға бақ-береке мен амандық тіледі.
– Біз еліміздегі алуан түрлі мәдениеттердің, барлық тілдер мен дәстүрлердің бәрі де өркендеп келе жатқанын көріп отырмыз. Біз – біртұтас халықпыз, бір-бірімізді құрметтейміз әрі жақсы көреміз, ортақ Конституция мен заңдарға бағынамыз. Бір-бірімізді құрметтеп, достық қарым-қатынаста болу – зор бақыт. Осы бірлігімізді сақтап, бақытымыздың қадірін білейік! – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мерекелік концерт аясында елордалық ұлттық-мәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарының, Астана қаласының мемлекеттік академиялық филармониясы әртістерінің және отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен «Рухани жаңғыру – бірлік пен тұтастық негізі» атты театрландырылған қойылым көрсетілді.