National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Елбасы Индустрияландыру картасы жобаларын таныстыру және «Алтын сапа», «Парыз» конкурстары мен Қазақстан Республикасы Президентінің арнаулы сыйлығы жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты

2015 жылғы 11 желтоқсан

 

Іс-шара аясында Мемлекет басшысы индустриялық-инновациялық жобалар көрмесін аралап көрді.

Жалпыұлттық телекөпір барысында индустриялық-инновациялық бағдарлама қорытындысы шығарылып, Индустрияландыру картасының жаңа 18 нысаны таныстырылды. Оларды Қазақстан Президенті онлайн режімінде іске қосты.

Іс-шараға қатысушыларға арнаған сөзінде Мемлекет басшысы елдің индустриялық-инновациялық даму аясында қол жеткен табыстарын атап өтті.

Биыл Қазақстан бірінші рет әлемдік жетекші экспорттаушылардың елулігі қатарына кіріп, 43-орынды иеленді. 2014 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экспортының көлемі бүкіл Орталық Азия өңірі экспортының көлемінен 30 пайызға асты. Біздің экспортымыздың төрттен біріне жуығы дайын, өңделген өнім болып отыр. Бұл – Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымының толық құқылы мүшесі ретінде сәтті қадам жасауы үшін маңызды көрсеткіш. Сонымен қатар Дүниежүзілік банк дерегі бойынша, өткен бес жылда біздің өңдеуші өнеркәсіп салаларының өнімдері 24 миллиард долларға жетті, яғни 7 миллиард долларға ұлғайды. Қазіргі жаһандық дағдарыстың теріс ықпалдарына қарамастан, биыл осы салалар жалпы өсім берді. Бұл жағдай ұлттық экономика дамуының оң қарқынын сақтауға септігін тигізеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті биыл металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және құрылыс индустриясы салаларында 120 индустриялық жоба жүзеге асырылғанын да айтты.

Бұлар – негізінен шағын бизнеспен бірге сыртқы экономикалық ықпалдарға төзімді болып келетін орта кәсіпорындар. Нәтижесінде Қазақстан экономикасының жалпы орнықтылығы геоэкономикалық өлшем бойынша нығайды, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев индустрияландыру нақты еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қазіргі кезеңде бұл көрсеткіш 1,6 есе өсті. Біз өнімділікті 10 жылда 2 есеге ұлғайту жөніндегі мақсатымызды орындауға жүйелі түрде жақындап келеміз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бүгінгі телекөпір барысында іске қосылған жобалар аясында 3300 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылғанын айтты.

Бұлар өнеркәсіптік өндірістің 8 перспективалы саласында жүзеге асырылды. Жаңа кәсіпорындардың әрқайсысы жыл сайын орта есеппен 81 миллиард теңгенің өнімін өндіретін болады. Ең аз деген есеппен алғанда, бұл жобалар экономикамызға шамамен 270 миллиард теңге қосымша табыс әкеледі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті бірінші бесжылдық қорытындысы бойынша өңделмеген алтын  өндірісі 50 тоннаға дейін өскеніне, яғни 2 еседен асқанына назар аударды.

Өндірілген алтынның 90 пайызы елімізде өңделеді. Осы жылдары Ұлттық банк 76 тонна отандық алтын құймаларын сатып алды. Міне, елдің алтын қорының нақты қазақстандық үлесі, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев елдің қара металлургиясы саласында үлкен өзгерістер болып жатқанын айтты.

Біз болат пен шойын өндірісін ұлғайтудан гөрі дайын өнім көлемінің өсіміне ден қойып келеміз. «АрселорМиттал Теміртау» комбинаты, Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі, «ЕвразКаспиан Сталь», «КСП Стил», «Феррум Втор»  және басқа кәсіпорындарда  жаңа сортты-прокатты қуат көздері іске қосылды. Бес жылда арматураның жыл сайынғы өндірісі 8 есеге – 800 мың тоннаға дейін өсті. Құбыр шығару көлемі 140 мыңнан 210 мың тоннаға дейін ұлғайды. Ақтөбеде қуаттылығы 230 мың тонна рельс пен 200 мың тонна арқалық және швеллер шығаруға жететін рельс-арқалық зауыты іске қосылды. Бұл өнім бұрын біздің елде шығарылмайтын, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бүгінде Қазақстанның толыққанды агрохимиялық кластерін құру жұмысы жүріп жатқанын атап өтті.

Қазір тыңайтқыш өндірісінің көлемі жылына 400 мың тоннаны құрайды. Ауыл шаруашылығының әлеуетін және тыңайтқыш үшін қажетті шикізаттың бар екенін ескерсек, бұл жеткіліксіз. 2020 жылға қарай тыңайтқыш өндірісін 6-7 есеге – 2,7 миллион тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда. Бұлар  бұрын бізде шығарылмаған глифосат, калийлі және күрделі кешенді тыңайтқыш, пестицидтердің отандық өндірісіне арналған құрамдауыштар сияқты өнімдер болады. Бұл – «Қазфосфат» АҚ жұмысының, «Еврохим-Тыңайтқыш» ЖШС мен «Батыс калий» ЖШС жобаларын жүзеге асырудың, сондай-ақ қолданыстағы өндірістерді жаңғыртудың есебінен іске асады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті «Нұрлы жол» бағдарламасын ескере отырып, машина жасау саласын дамытудың маңыздылығына назар аударды.

Шығыс Қазақстандағы толық циклды зауыт соның төңірегіндегі құрамдас жабдықтарды өндіруге арналған шағын және орта бизнес «белдеуі» сияқты жобалар орасан мәнге ие. Бұл бастапқы «қолмен құрастыру» сатысын аяқтап, автомобиль жасау саласын жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.

Дәрі өндіру саласы мен жалпы ұлттық денсаулық сақтау жүйесін дамыту үшін Қарағанды фармацевтикалық кешенінің үшінші кезегі жобасының маңыздылығы да атап өтілді. Осы кешеннің толық қуатымен жұмыс істеуге көшуі дәрі-дәрмек препараттары өндірісін 1,5 есеге ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы индустрияландырудың қол жеткізілген нәтижелері Қазақстан экономикасын технологиялық тұрғыдан жаңғыртуды лайықты бастауға мүмкіндік тудырғанын атап өтті.

Біз жаһандық дамудың ерекшеліктері мен жаңа экономикалық жағдайларды ескере отырып, әрі қарай ілгерілеуіміз қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Бұл ретте Нұрсұлтан Назарбаев елдің индустриялық-инновациялық дамуын қамтамасыз ету саласында аса ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын айтты.

Өзгерген ішкі және жаһандық трендтер негізінде индустрияландыру бағдарламасын өзектілендіру маңызды. Атап айтқанда, индикаторлар санын азайту қажет. Халыққа жолдауымда айтқанымдай, басты көрсеткіш небәрі үшеу – еңбек өнімділігі, экспорт көлемі, негізгі капиталға инвестиция тарту. Осы бойынша жұмыс жүргізіп, дербес жауапкершілік жүктеу және талап ету керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті экономиканың сервистік-индустриялық моделіне көшуді үдетудің маңыздылығына назар аударды.

Қызмет көрсетудің кәсіби қызметтер, инжиниринг, жоғары технологиялық сервистер, логистика және өзге де аралас секторлары сапалы даму жолына түсуге тиіс. Қаржы жүйесін оңтайландыру экономиканың нақты секторын ұзақ мерзім бойы және қолжетімді түрде несиелендіру мақсатын көздеуі керек. Біз экономикалық бәсеке үшін, шағын және орта бизнестің индустриялық дамуға қатысуының аясын  кеңейту үшін жаңа жағдайлар жасау мақсатымен ауқымды жекешелендіру жүргізудеміз. Оған тең мүмкіндіктер шартымен қатысу үшін отандық және шетелдік инвесторларды шақырамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы жаңа әлеуметтік саясат адамдарға жаңа кәсіпорындарда, кәсіби біліктіліктің жаңа деңгейі арқылы еңбек етуге мүмкіндік беруді көздейтінін айтты. Бұл ретте индустрияландырудың маңызды әлеуметтік бағыты «Баршаға – кәсіби білім» жобасы болып саналады.

Нұрсұлтан Назарбаев жаңа инвестициялық саясаттың міндеттері индустрияландыру жобалары төңірегіне топтастырылуы тиістігін айтты.

Қазақстанға 2015 жылдың бірінші жартысында 7,5 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция тартылды. Негізгі инвестор елдермен – Қытаймен, Ресеймен, Франциямен, Ұлыбританиямен, Түркиямен, Үндістанмен, Жапониямен уағдаластықтар жүзеге асырылуда. Жалпы құны 40 миллиард долларға жуық 120 жаңа жоба бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Ресеймен өзара инвестициялық іс-қимылды арттырудың болашағы зор. Оны жетекші ресейлік компаниялармен ынтымақтастық желісі бойынша ғана емес, жыл сайын біз айналысатын өңіраралық ынтымақтастық аясында да өрбіту керек. Үкімет пен әкімдер еуразиялық интеграция мүмкіндіктерін пайдалана отырып, осы бағытты кеңірек игергені жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге Қазақстан Президенті дағдарыстық құбылыстарға қарамастан көптеген шетелдік компаниялар еліміздегі өз өндірістерін кеңейтіп жатқанына назар аударды. Мәселен, бүгінде 30 компания қайтадан инвестиция салу кезеңінде тұр, олардың 6-ауы өндірістерін бастады.

Мемлекет басшысы отандық ғылымның күш-жігерін индустрияға арналған қолданбалы міндеттер төңірегіне жұмылдыру қажеттігіне тоқталды.

Ғылыми зертеулерді қаржыландырудағы басымдықтарға қатысты көзқарасты өзгерту, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру маңызды. Экономиканың жаңа бағыттары үшін технологиялық негіздер қалыптастырған жөн. Бұл мәселе бойынша жұмыс бабындағы міндеттің қозғаушы күші (драйвері) және негізгі иесі трансұлттық корпорациялар болып табылады. Жоғары технологиялық стартап-компаниялардың жетіспеушілігі мәселесін шешу қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев шара аясында іске қосылған жаңа индустриялық жобалар Тәуелсіздік күніне орай барша Қазақстан халқына жасалған сыйлық екенін айтты.

Мен бүгін тағы да барлық отандық кәсіпкерлерді Отанымыздың индустриялық қуатын нығайту ісіне белсене қатысуға шақырамын. Бұл – болашағымыз, тек осылайша ғана біз алға жылжимыз, өзге дамыған елдерден қалып қоймаймыз. Жастарымызды жаңа кәсіпорындар құрылысына қатысуға, жаңа мамандықтарды меңгеруге, сөйтіп өз болашағын өзі жасауға шақырамын. Бұл – уақыттың талабы. Бәріңізге Қазақстанның экономикалық әлеуетін артыра түскен жаңа жетістіктер үшін тағы да ризашылық білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Қазақстан Президенті баршаны алдағы мерекелермен – Тәуелсіздік күнімен және Жаңа жылмен құттықтады.

Іс-шара аясында Мемлекет басшысы «Алтын сапа» конкурсының «2015 жылдың үздік индустриялық жобасы» арнаулы сыйлығын KAZ Minerals тобының президенті В.Кимге,  «2015 жылдың үздік инновациялық жобасы» сыйлығын  «Элтекс Алатау» ЖШС директоры Н.Жәнібековке, «Парыз» конкурсының бас жүлдесін «Самұрық-Энерго» АҚ басқармасының төрағасы А.Сатқалиевке тапсырды.

***

Индустрияландыру картасы аясында 2015 жылы 120 жаңа нысан пайдалануға берілді және 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылды.  2010 жылдан 2015 жылға дейін барлығы 85 мың тұрақты жұмыс орны құрылып, 890 жоба іске асырылды. Соның 90 пайызы жеке бизнестің қаражаты есебінен жүзеге асты.

 

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің