National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Біздің күшіміз – бірлікте» атты республикалық форумына қатысты

2016 жылғы 09 наурыз

 

Іс-шараға 3000-ға жуық адам қатысты, олардың қатарында Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің мүшелері, ғылыми және шығармашыл зиялы қауым, жастар бар.

Елбасы форумға қатысушыларға арнаған сөзінде бүгінде еліміз бойынша 962 этномәдени бірлестік жұмыс жүргізіп отырғанын атап өтті.

Осының бәрі барлық азаматтар үшін Қазақстанның туған үйіндей болып саналатынын айғақтайды. ХХ ғасыр баршаға, соның ішінде Қазақстан жерінде пана тапқан қоныс аударушылар мен күштеп жер аударылғандарға қиын тиді. Былтыр жыл бойы аталып өткен Ассамблеяның 20 жылдығы біртұтас Отанымыздың және балаларымыздың болашағын Қазақстан халқы бірге қалыптастырып жатқанын көрсетті. Бірге өмір сүре отырып, біз бір-бірімізді рухани тұрғыдан байыта түсеміз. Біздің халқымыз татулық пен келісімнің бірегей саясатымен, достық негіздегі көршілестікке бейімдігімен, тұрақтылық пен тыныштыққа ұмтылысымен мақтана алады, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев елімізде барлық мәдениеттер мен тілдердің тең құқылы дамуы, тарихи дәстүрлер мен ғұрыптардың өркендеуі қамтамасыз етілгенін айтты.

Бұл орайда Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі зор. Осы жылдар ішінде ол елдегі этностарды жақындастырды, әрбір мәдениеттің озық үрдістерін паш етті. Бір қарағанда әр этностың дәстүрі бір-біріне ұқсамағанымен, олардың түпкі мәні бір. Әртүрлі атап жүрсек те, этникалық мерекелердің уақыты мен себептері үйлесіп тұрады. Біз барлық этностардың мерекелеріне ықыласпен қатысамыз, өйткені қазақстандықтар бірліктің, бейбітшіліктің, тыныштықтың, бақыт пен мейірімнің айрықша рухын қалыптастыра білді, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті еліміз 100-ден аса этнос пен 17 конфессия өкілдерінің жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалған заманауи әрі қауіпсіз ортақ шаңырақ болып отырғанына назар аударды.

Олар ана тілі мен тарихын оқиды, өз діндерін ұстанады, ұлттық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтайды. Біздің газет-журналдарымыз 15 тілде шығады, ал театрларымыз 7 тілде сөйлейді. Барлық облыста кіші Ассамблеялар тиімді жұмыс істейді. Қазақстандықтардың татулығы мен келісімі – қоғамды ұйыстырушы күш. Көпұлттылық елдің стратегиялық артықшылығы екенін біз іс жүзінде дәлелдедік.  Ассамблеяның жастармен жұмысқа көбірек көңіл бөле бастағаны өте маңызды. Нақ осы жастарға өмірлік айқын бағдар беру керек, оларды күмәнді идеялардың ықпалынан қорғау қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы бүгінде көптеген елдердегі жағдайдың зорлық, этникалық алалау, түрлі соғыстар мен қақтығыстар сияқты ең қайғылы сценарийлер бойынша өрбіп жатқанын айтты. 

Осындай жағдайда әрбір қазақстандық татулық пен қоғамдық келісімнің шынайы бағасы қандай екенін, диалог, бір-біріне деген құрмет, төзімділік пен толеранттылық жолын таңдау арқылы қандай қайғы-қасіреттерден аман қалғанымызды жете сезіне бастады. Біздің тәжірибемізді енді өзге мемлекеттер зерттеп, пайдалануда. Қазақстанның болашағы зор. Біз сіздермен бірге барлық қиындықтарды еңсереміз, алға жылжу үшін мемлекет барлық шараны іске асырады, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Орал қаласы еліміздің жарқыраған жақұты екенін атап өтті.

Батыс Қазақстан облысы Еуропа мен Азия арасын байланыстырушы өңір ретінде біздің  экономикамызда  әрдайым маңызды рөл атқарып келеді. Өңір орасан зор транзиттік әлеуетке ие, біз оны дамыта түсетін боламыз. Бүкіл Қазақстандағы сияқты мұнда дағдарысқа қарсы жұмыс жақсы жүріп жатқанын көріп отырмын. Әлемдік нарықтағы тұрақсыздық жағдайында облыс әлеуметтік маңызы бар 33 тауардың 24 түрін  өндіріп отыр. Индустрияландырудың бірінші бесжылдығы аясында 32 жоба жүзеге асырылып, 2 мың жұмыс орны ашылды. Сіздердің өңірлеріңізде Орал трансформатор зауыты, «Квант» жиһаз фабрикасы, «Батыс Марка Ламб» ет өңдеу кәсіпорны сияқты ірі кәсіпорындар бар. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша тағы 40 жоба жүзеге асырылып, 2 мыңнан астам жұмыс орнымен қамтамасыз ететін болады, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті мектепке дейінгі мекемелермен қамту деңгейі  өңірде 98 пайызға жеткеніне, тұрғын үйлер салынып жатқанына назар аударды. Бүгінде үш ауданда жалпы ұзындығы 500 шақырымға жуық автомобиль жолы салынып, облыстағы барлық дерлік елді мекендер газдандырылды.  

Нұрсұлтан Назарбаев елде жүргізіліп жатқан шаралар қарапайым адамдардың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын айтты. 

Соңында Мемлекет басшысы өңір тұрғындарына игілік пен бақ-береке тіледі.

Форум барысында  Қазақстан халқы Ассамблеясының және оның жанындағы Аналар кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктердің басшылары сөз сөйледі.

Сондай-ақ форум аясында этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарының қатысуымен мерекелік концерт өтті.  


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің