National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиынға қатысты

2015 жылғы 15 желтоқсан

 

Елбасы жиналғандар мен барша Қазақстан халқын ұлттық мереке – Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Тұтас бір дәуірлердің куәгері болған біздің халық өз дамуында көпғасырлық күрделі жолдан өтті. Әл-Фараби айтқан екен, мемлекет те адам сияқты өз өмірінде екі табалдырықтан аттайды. Біріншісі – өмірге келуі, екіншісі – ересек өмірге қадам басуы. Осы кезеңдердің әрқайсысы қайталанбайтын әрі қымбат кезең болып саналады, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев 24 жасқа толған Қазақстан ұлы мақсаттарға қол жеткізуге ұмтылатынын атап өтті.

Тарих – біздің халқымыздың сақ пен түркінің, Қазақ хандығының дәуірінде, Ұлы Отан соғысы кезінде көрініс тапқан ұлы күресінің куәсі. Бұл біздің өткеніміз және тағдырымыз. Бабаларымыз ұмтылған аңсарлы мақсат – Тәуелсіздікке біздің ұрпақ қол жеткізді. Сондықтан да бұл күн тұтас ұрпақтардың орындалған арманын білдіретін қуанышты әрі маңызды мереке болып саналады. Өйткені, тәуелсіздік пен теңдік, егемендік пен мемлекеттілік – кез келген халық үшін аса құнды ұғымдар, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы еліміз небәрі 24 жылда жаңару үдерісін өткеріп, бүкіл әлемде сый-құрметке ие болғанына назар аударды.

Ширек ғасырға жуық кезеңде біз кейбір мемлекеттер ештеңесіз шығатын, ал енді бірі ғасырларды сарп ететін тарихи жолдан өттік. Бұл бабалардың ерлігімен рухтанып, болашақ ұрпаққа жол ашқан барша қазақстандықтардың еңбегі арқасында мүмкін болды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Отанды сүю айрықша бақыт екенін айтты.

Шексіз арман жолында Отан үшін орасан қиындықтардан өтуге болады. Біз өз егемендігімізді бабалардың өнегесі мен халқымыздың парасаттылығының арқасында алдық. Тәуелсіздік – күшті рухпен және мықты мінезбен ғана ұстап тұруға болатын тарих толқыны, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік бүкіл халық үшін зор жауапкершілік екеніне назар аударды.

Біз осы тағдырды қабыл алып, бірлік пен еңбек арқылы тарихи жолымызбен шығынсыз жүріп келеміз. Біздің ел егемендігін нығайтып, Мәңгілік ел болуға бағдар ұстады. Сондықтан Тәуелсіздік күні – барша Қазақстан халқы мен әлемнің барлық түкпіріндегі достарымыз үшін ұлы мереке, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бүгінде қазақстандықтар үшін біздің дәуірді Тәуелсіздікті жариялағанға дейін және одан кейін деп бөлу қалыпты жайтқа айналып келе жатқанын айтты.

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан мүлде жаңа тарихын бастады. Біздер, қазақстандықтар, ұлт өрлеуінің қазақстандық дәуірінің негізін қалаушыға әрі тұңғыш ізашарына айналдық. Бұл – біздің ізгі уақытымыздың және барлық ұлы жетістіктеріміздің сипатын дәл беретін атау. Біз Тәуелсіз Қазақстанмен бірге өсіп келеміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті еліміздің жолы бірлікпен және келісіммен астасып жатқанын айтты.

Жыл басында өткен президент сайлауы біздің табысты түрде болашағы біртұтас ұлтқа айналып келе жатқанымызды көрсетті. Бірлік пен келісімді сақтап, нығайту оңай жұмыс емес. Ол даналық пен көргенділікті, көрегендік пен еліміздің барша азаматтарының өзара сыйластығын қажет етеді. Ғылым Жер бетіндегі әрбір этнос кемінде бір ерекше қасиетке ие екенін айтады. Біздің өміріміз Қазақстандағы 100 этностың 100 айрықша және қайталанбас қасиеті бар екенін көрсетіп отыр. Соның бәрі жиналып келіп біздің Біртұтас Ұлтымыздың бірегей басымдылығын құрайды. Қазақстанның әрбір этносы – біздің байлығымыз. Көпэтностылық – біздің ортақ ұлы қазынамыз. Қазақстан халқы Ассамблеясы, міне, 20 жыл бойы осы байлықтың басты қорғаушысы міндетін табысты атқарып келеді. Тәуелсіз Қазақстан – біздің үлкен отбасымыз және ортақ шаңырағымыз, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев XXI ғасыр адамзат үшін әлемдік экономика мен саясаттың, ақпараттық және әлеуметтік кеңістіктің жаңа өлшемдеріне жол ашқанына назар аударды.

Бүкіл әлем архитектурасында орасан өзгерістер жүріп жатыр. Әлемдік дамудың көптеген түйткілдері табылды. Бүгінде 1,2 миллиард адам планетаның қақтығыстар мен тұрақсыздық жайлаған ареалында тіршілік етіп жатыр. Күн сайын 42 мың адам үйін тастап, қауіпсіз жер іздестіруде. 13 мыңнан астам террорлық акт 33 мың адамның өмірін қиды. Біз өзіміздің тұрақты әрі қарышты дамыған елімізді мүлде басқа жағдайда – бейбітшілік пен қауіпсіздік жағдайында өркендетіп жатқанымызды есте ұстауға және бағалауға тиіспіз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы екінші жыл қатарынан жаһандық экономикалық дағдарыстың дендеп келе жатқанын айтты.

Осы қиындықтарға қарамастан, тәуелсіздіктің 24-ші жылы жадымызда көптеген жан толқытарлық, Қазақстан үшін айрықша мәні бар оқиғаларымен есте қалады. Біз экономикамыздың оң өсімін сақтадық. Индустриялық дамудың екінші бесжылдығы және «Нұрлы жол» бағдарламасы басталды. 2015 жылы 800 миллиард теңгенің 120 жобасы іске қосылды, 10 тұрақты жұмыс орны ашылды, мыңдаған шаршы метр баспана пайдалануға беріліп, оларға жастар мен аз қамтылған отбасылар қоныстанды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті ел өмірінде болған өзге де айшықты оқиғаларға тоқталды.

Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кірді. Еуразиялық экономикалық одақ жұмысын бастады. Биыл Қазақстан әлемдік жетекші экспорттаушылардың елулігі қатарына қосылып, 43-орынды иеленді. Бізде ширақ, сауатты, жаңашыл жастар буыны өсіп келеді. Әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының қатарына қосылған Назарбаев Университетінде даярланған алғашқы 500 маман биыл бітіріп шықты. Қазақстан МАГАТЭ-мен бірлесіп, Ядролық отын банкін құрды, ол біздің елге орналастырылады. Үшінші ғарышкеріміз Айдын Айымбетов Жер төңірегіндегі орбитаға сапар шекті. Біз Ұлт жоспарын орындауға кірістік. Оны Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында жүзеге асыра бастағанымыздың да символдық мәні бар, – деді Мемлекет басшысы. 

Нұрсұлтан Назарбаев қазір қоғамда Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдаудың қызу талқыланып жатқанына назар аударды.

Мен мемлекет пен қоғам алдына қойылған міндеттер кең қолдау тапқанын байқап отырмын. Жаңа Жолдауда кемелденген елдің міндеттері белгіленді. XXI ғасырдағы болашақ  – кез келген тұсынан жол салуға болатын ашық алаңқай емес. Бізді алда бұрынғымыз бен қазіргімізден де күрделі бағыттар күтіп тұр. Тарих ешқашан тек жеңістер жылнамасынан тұрмайды. Егер әрдайым бәрі жақсы болған болса, тарихтың өзі де болмаған болар еді. Дағдарыстар жеңу ілімін үйретеді. Сондықтан қазір тұрақтылықтың құны арта түсуде. Тұрақты экономика, тұрақты саясат, тұрақты қоғам – біз әрқашан ұстанып келе жатқан бағдар осы, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Тәуелсіздік жылдары республикамыз тарихи даму тұрғысынан ғажайып секіріс жасағанын айтты.

Біздің Қазақстан – Ұлы Дала Елі, Жаңғырған Ұлы Дала Елі. Бұл біздің асқақ аңсарымыз әрі ерекше мақтанышымыз. Қазақстандықтардың болашақ ұрпағы біздің жетістіктерімізді лайықты бағалап, мақтан тұтарына еш күмән жоқ. Олар біздің тәжірибемізден даналықтың, сындарлы іс-әрекеттің және кез келген қиындықтың алдында иілмес беріктіктің үлгісін көретін болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Қазақстан Президенті баршаны тағы да елдің Тәуелсіздік күнімен құттықтады. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің