Сессия Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Бейбітшілік және келісім сарайында «Қазақстан – 2050 стратегиясы»: татулық, руханилық және келісім мәдениеті» атты күн тәртібімен өтті.
Оның жұмысына Ассамблея мүшелері, Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, саяси партиялар, діни конфессиялар, дипломатиялық миссиялар басшылары, ғылыми және шығармашылық интеллигенция, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, шетелдік қонақтар қатысты.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы қоғамымыздағы тұрақтылық пен бірлік «Қазақстан – 2050» Стратегиясын іске асырудың аса маңызды факторы екенін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев толеранттылық пен келісімнің қазақстандық үлгісін одан әрі дамыту жөнінде бірқатар қосымша шаралар қабылдау қажеттігін айтты.
Қазақстан халқы Ассамблеясының және ел Конституциясының алдағы 20 жылдығына байланысты Мемлекет басшысы 2015 жылды «Ассамблея жылы» деп жариялады. Ол Үкіметке Ассамблеямен бірлесіп, тиісті Ұлттық Іс-шаралар жоспарын әзірлеуді, сондай-ақ Астана қаласында Қазақстан халқы форумын ұйымдастыруды тапсырды.
Бұған қоса, Қазақстан Президенті 2015 жылды елордада «Астана – татулық пен келісім қаласы» атты ұранмен өткізіп, оған барлық республикалық этномәдени бірлестіктерді қатыстыру керектігін атап өтті.
Мемлекет басшысы Алматыдағы Достық үйінің базасында Ассамблея қызметін қамтамасыз ететін мемлекеттік мекеме, сондай-ақ аймақтық кіші ассамблеялар жұмысын қамтамасыз ететін өңірлік мекемелер құру мәселелерін пысықтауды тапсырды.
Іс-шарада білім, медицина, шығармашылық, бизнес, өндіріс саласында еңбек ететін түрлі ұлт өкілдері мен мамандық иелері сөз сөйледі, олардың арасында шет мемлекеттер азаматтары да болды. Олар татулық пен келісімнің қазақстандық үлгісінің зор табысын атап өтіп, қазіргі қоғамдағы бірлік пен толеранттылықтың маңыздылығына тоқталды.
Сессия барысында республикамыздың этномәдени бірлестіктер өкілдері А.Башмаков пен А.Смирнов Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасарлары болып тағайындалды.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті Сочиде өткен XXII қысқы Олимпиадалық ойындардың қола жүлдегері Д.Тенге «Құрмет» орденін және Ассамблея мүшелеріне «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалі» марапаттарын тапсырды.
Ассамблеяның XXI сессиясының үндеуі қабылданды, ол жалпыұлттық бiрлiкті, тұрақтылықты нығайтуға, экстремизмге, надандыққа және зорлық-зомбылыққа бірлесе қарсы тұруға шақырады. Сондай-ақ, үндеуде Қазақстан Президентінің салиқалы, сындарлы және сарабдал саясаты, оны бүкілхалықтық қолдау, халқымыздың ұлы мақсаттардың – елдің өсіп-өркендеуі мен гүлденуінің жолында топтасуы ғана Отанымыздың кемел болашағын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретініне деген нық сенім көрініс тапқан.
Іс-шара соңында түрлі этномәдени бірлестіктер шығармашылық ұжымдарының, сондай-ақ қазақстандық белгілі өнер шеберлерінің қатысуымен салтанатты концерт өтті.
Сөздің толық мәтінін мына жерден қараңыз.