Қазақстан Президенті өз сөзінде бұған дейінгі IV съезде Діни лидерлер кеңесін құру ісі Астанада өткен форумға қатысушылар арасында қалыптасқан сенімнің заңды нәтижесі екенін атап көрсетті.
– Діни лидерлер кеңесі жалпы әлемдік рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту, діндер мен мәдениеттердің арасындағы өзара түсіністік пен келісімге қол жеткізу ісінде маңызды рөл атқаратынына сенімдімін. Әлем дамуының қазіргі барысы жаһандық конфессияаралық диалогтың осындай бірегей тетігіне деген сұраныс өсіп келе жатқанын көрсетіп отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев осының алдындағы съезден соңғы үш жыл ішінде әлем жұртшылығы адамдар арасына діни әркелкілік арқылы іріткі салудың жаңа әрекеттеріне тап келіп отырғанына назар аударды.
– Әскери және ішкі қақтығыстар көбейді, оған қатысушылар адамдардың діни ұстанымын белсенді пайдалануда. Бізді осындай қақтығыстардың бірі мұсылмандардың ең басты киесі, Ислам әлемінің бесігі – Мекке мен Мәдинеге жақын маңда – Иеменде тұтанғаны алаңдатпай тұра алмайды. Бірқатар экстремистік топтардың іс-қимылдары түрлі конфессияны ұстанушылардың арасында жаулық тудырып, Азия мен Африкадағы көп қоғамды жікке бөлуде. Украинаның шығысында қалалар мен селоларды атқылау кезінде храмдардың бүлінгені туралы хабарлар да алаңдатады, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы жаһандық лаңкестіктен төнген қатер «ислам мемлекеті» деген акция түріндегі мейлінше қауіпті сатыға көшкенін атап айтты.
– Содырлар жалған діни көзқарас ықпалымен Ирак пен Сирияда мыңдаған жылдар бойғы өркениеттердің мәдени мұраларын әдейі қиратуда. Олар өзге дін ұстанушыларды, журналистер мен еріктілерді жария түрде өлім жазасына кесудің сұмдық шараларын ұйымдастырып, интернет арқылы таратуда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті әлемнің барлық діндері ұстамдылық пен төзімділікке, соғыстар мен қақтығыстарды тоқтатуға, бейбітшілікке және адамдар арасындағы келісімге шақыратынын атап өтті.
– Исламды экстремизм мен лаңкестіктің кез келген формасын ақтау үшін пайдалануға тырысу – күпірлік. Осынау күрделі кезеңде барлық діни қайраткерлерді өз жамағаттарын татулық пен келісімге, толеранттылық пен кешірімділікке үндеуін еселей түсуге шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев кез келген халық өз бірлігін бағалап, сақтай білгенде ғана өміршең әрі ұлы болатынын атап көрсетті.
– Қазақстан халқы даналығы арқасында біртұтас болып отыр. Біздің халқымыздың даңқы да, қуаты да достықта, өзара түсіністікте, келісім мен бірлікте, толеранттылықта. Бұл – біздің еліміз қатарына кіруге ұмтылып отырған озық отыз елдің ең биік құндылықтары. Осы ізгі мақсат үшін «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асырудамыз. Бес институционалдық реформаны іске асыруға кірістік. Ұлт жоспары – Қазақстанды жаңғыртудың 100 қадамы барлық қазақстандықтарға этникалық және діни айырмашылықтарына қарамастан лайықты тұрмыс жағдайын жасауға бағытталған, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы еліміз Діни лидерлер кеңесінің Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің идеялары мен шешімдерін ілгерілету жұмысына жан-жақты қолдау көрсететінін атап өтті.
Қазақстан Президенті діннің рухани бастапқы негіз ретіндегі рөліне баға жетпейтініне назар аударды.
– Бұл кеңес адамзаттың ХХІ ғасырдағы рухани регенерациясы идеясының авторы әрі таратушысы бола алар еді деп санаймын. Діни экстремизм мен лаңкестікке қарсы іс-қимыл шараларына бастамашылық ету кеңес жұмысының өзекті бағыты бола алады. Кеңестің бесінші съез тарапынан мақұлданған және қолдау тапқан ұсыныстары діни сенім мәселесінде адасып жүрген адамдардың теріс әрекеттерінен сақтануға көмектесер еді. Нағыз діндар үшін өшпенділік, төзімсіздік, қатыгездік және жақынына әділетсіз қарым-қатынас мүлде жат қасиет екені туралы сіздердің ортақ пікірлеріңіз кез келген ұрыс-керіс пен жанжалды тежеудің шешуші факторына айналуы мүмкін, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев ұсыныстарды жүзеге асыру Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бесінші съезінің жұмысына қатысатын саяси қайраткерлермен диалог барысында басталатынына сенім білдірді.
Соңында Қазақстан Президенті кездесуге қатысушылардың баршасының жұмысына табыс тіледі.
Отырыс барысында Қасиетті Тақтың дінаралық диалог жөніндегі Папа кеңесінің президенті Ж.-Л. Торан, Минск және Заславск митрополиті, күллі Беларусь Патриархтық Экзархы Павел, Дүниежүзілік Ислам мәзхабтарын жақындастыру ассамблеясының бас хатшысы Аятолла М.Араки, Дүниежүзілік Ислам Лигасы бас хатшысының орынбасары А.бен Абдалла әз-Зейд, Израильдің сефардтық бас раввині И.Йосиф сөз сөйледі.
Кездесуге қатысушылар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезінің декларациясын мақұлдады, сондай-ақ Діни көшбасшылар кеңесінің келесі үшінші отырысы және VI съезд 2018 жылы өтеді деп белгіленді.