Мемлекет басшысы оқу кабинеттерін аралап көрді және «Қазақстан-2050» Стратегиясына арналған ашық сабаққа кірді. Нұрсұлтан Назарбаев оқушыларға елдің 2050 жылға дейінгі дамуының негізгі басымдықтары туралы әңгімеледі, сондай-ақ болашақ мамандық таңдауға қатысты кеңестерін айтты.
– Стратегияда Қазақстанның алдағы дамуының бағыт-бағдары жазылған. Біз дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылғымыз келеді. Сол үшін білім беруді, денсаулық сақтауды, жаңа технологиялар мен инновацияларды дамытумен айналысып, инфрақұрылымдар қалыптастырудамыз. Біз алдымызға қойып отырған ең басты міндет – халық тұрмысын жоғары деңгейге көтеру. Бұл Стратегия сіздердің буын үшін жасалды, өйткені оны сіздер жүзеге асырып, нәтижесін көресіздер. Дамуға ілесу үшін мамандықты дұрыс таңдау керек. Жас кезіңде бәріне үлгергің келеді, бірақ оған уақыт жете бермейді. Сондықтан бір кәсіпке тоқталып, бүге-шігесіне дейін зерттеген жөн, сонда жетістікке жететін боласыздар. Кез келген ұжымда кәсіпқой мамандарды құрметтейді және әрдайым олардың айтқанын тыңдайды, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев мектеп мұғалімдерімен де әңгімелесіп, олардың қызметінің маңыздылығын атап өтті.
– Балалардың сапалы даярлығы үшін үнемі жұмыс істеп, олардың әлеуетін жүзеге асыру үшін қажетті жағдайдың бәрін жасау керек. Олар халықаралық олимпиадаларда жеңіске жетуге тиіс. Өзгелерге үлгі болатын жоғары білімді, үйлесімді дамыған тұлғаларды өсіру керек. Олардың әрі қарай білім алуы үшін Астанада жаңа университет салынып, жұмыс істеп жатыр. Соның арқасында қазір жоғары санатты білім алу үшін шетелге шығудың қажеттілігі жоқ. Сол университетке қарап өзгелері де бой түзеуі тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Қазақстан Президенті баршаны білім күнімен құттықтап, оқушыларға, ата-аналар мен мұғалімдерге мықты денсаулық және табыс тіледі.
– Елімізде шамамен 8 мыңға жуық мектеп есігін ашып, 2,6 миллион бала оқуын бастайды. Оқушылардың саны өткен жылмен салыстырғанда 70 мыңға ұлғайды. Бұл күні бүкіл еліміз бойынша жаңадан 63 мектеп іске қосылды. Жалпы, тәуелсіздік жылдарында елімізде мыңдаған мектеп салынды, бұл өскелең ұрпаққа деген қамқорлықты білдіреді, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Республикада 300 мың мұғалім жұмыс істейтінін, соның 11 мыңнан астамы елордалық мектептерде сабақ беретінін атап өтті.
– Қазақстанның болашағы мұғалімдердің қолында. Балаларды патриоттық пен толеранттылық рухында тәрбиелеу керек. Олар достыққа адал болып, ата-ана мен үлкендерді құрметтеуі тиіс. Осының бәрі – біздің қоғамның ешқашан мәнін жоғалтпайтын құндылықтары, біз оны балаларымызға мирас етуіміз керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
№75 көпбейінді жаңа мектеп-гимназияда 1300-ден астам елордалық бала оқитын болады. Оқу орны заманауи оқу жабдықтарымен қамтылған, оқушылардың ғарыштану, медицина саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысуына мүмкіндік беретін зертханасы, сондай-ақ педагогикалық және ақпараттық технологиялар интеграциясы орталығы бар.