Концертте қазақтың халық әндері мен билерінен бастап, әлемдік классика туындыларына дейінгі түрлі жанр көрермен назарына ұсынылды. Мерекелік кешке әлемдік сахна төрінде еліміздің атын әйгілеп жүрген Қазақстанның бетке ұстар өнер майталмандары қатысты. Атап айтқанда, олардың арасында Айман Мұсақожаева, Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева, Бекболат Тілеухан, Майра Мұхамедқызы, сондай-ақ «Астана Опера» опера және балет театрының, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының, «Астана Балет» театрының шығармашылық топтары бар. Ұрпақтар сабақтастығының символы ретінде еліміздің бір топ талантты жас музыканттары, халықаралық конкурстардың лауреаттары, Қазақ ұлттық хореография академиясы мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері, түрлі өңірлерден келген би ансамбльдері де сахна төрінде өз өнерлерін көрсетті.