Кездесу барысында парламентаралық өзара іс-қимылды нығайтудың, ұйыммен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудің перспективалары қаралды. Тараптар сондай-ақ, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Мемлекет басшысы халықаралық антиядролық конференцияға қатысу үшін елімізге сапармен келгені үшін С.Чоудхуриге алғыс айтты. Нұрсұлтан Назарбаев түрлі елдердің парламент мүшелері арасындағы тығыз байланыстың, халықаралық қауіпсіздікті нығайту және ядролық қарудан азат әлем қалыптастыру үшін бірлесе қызмет ету жолында жұмылудың маңыздылығын атап өтті. С.Чоудхури қонақжайлық үшін алғыс айтып, елімізбен стратегиялық және достық қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін барлық күш-жігерін жұмсауға дайын екенін жеткізді.