National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Мемлекет басшысы «Қайсар-2016» террорға қарсы кешенді оқу-жаттығуын көрді

2016 жылғы 29 сәуір

 

Қазақстан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Ішкі істер министрлігінің арнаулы мақсаттағы бөлімшелерінің Жауынгерлік және әдістемелік даярлау орталығының негізгі нысандарын қарап көрді, сондай-ақ Мемлекеттік күзет қызметінің «Қалқан», Ұлттық ұланның «Бүркіт», Ішкі істер министрлігінің «Сұңқар»,  Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан», Алматы қаласы Ішкі істер департаменті мен Қорғаныс министрлігінің бас барлау басқармасының «Арлан» арнаулы мақсаттағы бөлімшелерінің күштері мен құралдарын қатыстырған оқу-жаттығу барысын бақылады.

Жаттығу барысында антитеррорлық бағыттағы іс-шаралар өткізу кезіндегі арнаулы мақсаттағы бөлімшелердің іс-қимылы пысықталды.

 «Қайсар-2016» жаттығуына қатысушыларға сөз арнаған Мемлекет басшысы жаңа Жауынгерлік және әдістемелік даярлық орталығының сарбаздар шеберлігін шыңдауға мүмкіндік бере отырып, оларды сапалы  оқытуды қамтамасыз ететінін атап өтті.

Оқу-жаттығуға ұшқыштар мен десанттар, артиллеристер мен барлаушылар, арнаулы жасақ жауынгерлері қатысты. Барлығы да шеберлік пен батылдық танытып, дайындық деңгейі жоғары екенін көрсетті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.  

Қазақстан Президенті соңғы кезде әлемде және өңірде болып жатқан оқиғалар, жер жүзінің әр тарапындағы террорлық актілер, Таяу Шығыстағы әскери қимылдар ықтимал қатерге дайын болу керектігін көрсетіп отырғанына назар аударды.

Қарулы күштердің Отанымызды және мемлекетіміздің егемендігін қорғау, аумақтық тұтастығын сақтау жолындағы маңызы зор, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан армиясы, өзге әскери құрылымдар, арнаулы органдар Тәуелсіздік жылдары өз дамуының жаңа кезеңіне өткенін айтты.

Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына дайындала отырып, біз заманауи Қарулы күштерді қалыптастырдық деп айта аламыз. Олар қазіргі заманғы қару-жарақпен және техникамен жабдықталып, кәсіби кадрлармен жасақталып, лайықты деңгейде оқытылады. Қызметтің әлеуметтік жағы айтарлықтай жақсартылды. Осы мәселенің бәріне мен Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде ұдайы көңіл бөліп отырмын, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы әскери қызметшілердің міндеті еліміздегі тыныштықты, татулық пен келісімді сақтау екенін атап өтті.

Сіздер – даңқты аға ұрпақтың ерлік дәстүрлерінің мұрагерісіздер. Отанымыз сіздерге мемлекет мүддесін жіті қорғау, ұлттық қауіпсіздік пен Қазақстан Республикасының ішкі тұрақтылығының сенімді кепілі болу сияқты айрықша маңызды істі сеніп тапсырды. Бұл сіздерден жоғары машықты ғана емес, қайсарлықты, шынайы патриотизмді де талап етеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Жауынгерлік ту әскери бөлімнің негізгі әскери белгісі болып саналатынына назар аударды.

Ол әскери қызметшінің адалдығын, ерлігі мен батылдығын бейнелейді. Біздің бабаларымыз Жауынгерлік тумен шабуылға шығып, жеңіске жетті, Отанымызды қорғады.  Бүгін мен жекелеген әскери бөлімдерге біздің айбынымыз бен даңқымыздың рәмізіне айналатын Жауынгерлік ту тапсырамын. Отанымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне үлес қоса отырып, бұл байрақты асқақтата ұстаған жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Жоғарғы Бас қолбасшы барлық әскери қызметшілерді алдағы Отан қорғаушы күнімен құттықтап, Отан игілігі жолындағы жауынгерлік қызметтеріне сәттілік, елімізге тыныштық тіледі.

Кешенді оқу-жаттығу аяқталғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев елдің күштік құрылымдарының арнаулы бөлімшелерінің жеке құрамы алдында Ұлттық ұланның 5572-ші әскери бөлімінің және Қорғаныс министрлігінің Бас барлау басқармасының 22750-ші әскери бөлімінің командиріне өз қолымен жауынгерлік ту тапсырды. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті қызметте айрықша көзге түскен бірқатар әскери қызметшілерге жаңа пәтердің кілтін тапсырды.

***

Ішкі істер министрлігінің арнаулы мақсаттағы бөлімшелерінің Жауынгерлік және әдістемелік даярлау орталығы Алматы облысының Іле ауданында орналасқан. Ол жалпы ауданы 208 гектар жерді алып жатыр. Орталық құрылысы 2014 жылы сәуірде басталды. Қазіргі кезде кестеге сәйкес жүріп жатқан құрылыс жұмыстарын 2016 жылдың қараша айында аяқтау жоспарланған. Әлеуметтік және шаруашылық орынжайларын қоса есептегенде барлығы 60-тан аса нысан пайдалануға беріледі.

Орталық аумағында түрлі мультимедиялық атыс тирлері, снайпермен оқ атуға үйрететін «Robotech» кешені, шабуыл жасалатын нысанға жақындау іс-қимылына машықтандыруға арналған 4 қабатты тұрғын үй макеті, жауынгерлік атыс нысаны орналасқан.

Сонымен қатар әскери қалашықта штаб, жайлы казарма, мәдени демалыс шараларын өткізуге арналған клуб, жатақхана, 2 қабатты спорт кешені, автокөлік паркі, кинологиялық қалашық бар.

Жалпы, ІІМ арнаулы бөлімшесі орталығының инфрақұрылымы арнаулы мақсаттағы бөлімшелерді тиісті деңгейде оқытып, жауынгерлік шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік береді.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің