Мемлекет басшысы заманауи дыбыс күшейткіш және жарық техникасымен, сондай-ақ LED экранмен жабдықталған, бір мезгілде 1000 әртіс өнер көрсететін, көпфункциялы сахнасының ені 70 метр болатын ашық аспан астындағы амфитеатрді көрді. Нұрсұлтан Назарбаев өнер адамдарымен әңгімелесу барысында Ақтау қаласының және Маңғыстау өңірінің қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өтті. – Құрметті маңғыстаулықтар, сіздер әлемдік тарихқа енетін айтулы оқиғаға куә болғалы тұрсыздар. Ертең алғаш рет бес мемлекеттің басшылары Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындайтын құжатқа қол қояды. Облыста туризм дамып келеді, теңіз порттары мен әлеуметтік нысандар салынуда. Осының бәрі сіздер үшін, балаларыңыз бен сіздердің болашақтарыңыз үшін жасалуда, – деді Қазақстан Президенті. *** Ақтау қаласындағы теңіз жағалауында ротондалар, теңіз көрінісін тамашалауға, балаларға арналған және спортпен шұғылданатын алаңдар, демалушылар үшін шатырлар мен орындықтар орнатылған. Бүкіл жағалау бойына шағын 16 сәулет нысаны қойылған.