Нұрсұлтан Назарбаев қара металл прокатын шығаратын Қарағанды облысындағы ірі кәсіпорындардың бірін аралап көрді.
Елбасы сұрыпты прокат өндіру технологиясымен және металлургия комбинатын одан әрі дамыту жоспарымен танысты.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысына ЖЭО-1 және ЖЭО-2 кәсіпорындарын қайта жөндеу жоспары, сондай-ақ өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты шешімдер туралы баяндалды.
Елбасы кәсіпорын еңбеккерлерімен кездесіп, әңгімелесті.
– Қазір зауыт аумағында мені ерекше бір сезім баурап алды. Мұнда алғаш рет 1958 жылы кірген едім. Ол кезде бұл жерде ештеңе болған жоқ. Барлығы менің көз алдымда салынды, – деп Қазақстан Президенті еске алды.
Нұрсұлтан Назарбаев комбинат металлургтері мен еңбеккерлерінің жұмысы ауыр екенін атап өтіп, Теміртау қаласы мен зауыттың ахуалын үнемі өз бақылауында ұстайтынын айтты.
Әңгіме барысында Елбасы компания басшылығына қала тұрғындарының тұрмысын жақсарту үшін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі зор екенін ескертті. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы қалада медициналық, білім беру және спорт нысандарының санын көбейту қажеттігін атап өтті.
Зауыттың еңбек ұжымы өкілдері Қазақстан Президентінің бастамаларына және елімізде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламаларға қолдау білдіретіндерін жеткізді.