Елбасы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Жастар және оқушылар сарайына барды. Онда Қазақстан Президентіне денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы цифрландыру жөніндегі жобалар таныстырылды. Қазақстан Президенті облыс жастарының белсенді өкілдерімен кездесіп, жастар мен жас мамандарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысы жөнінде әңгімелесті. Нұрсұлтан Назарбаев цифрлық және ақпараттық технологиялардың қарқынды дамып келе жатқан жағдайында бәсекеге қабілетті жастар тәрбиелеудің маңызды екенін атап өтті. – Мектептер мен университеттер ғылыммен айналысуға бағдарланып отыр. Қазіргі жағдайда адам өмір бойы білім алуға тиіс. Бес-алты жылдан кейін бүгінгі көптеген мамандық жойылып, орнына жаңа мамандықтар пайда болады. Біздің бар үмітіміз – жастарда. Қарқынды дамып келе жатқан әлемнен қалып қоймауымыз үшін не істеу керектігін сіздер әрдайым ойлап жүресіздер деп сенеміз, – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.