Мемлекет басшысы Қазақстан халқының ежелгі заманнан бүгінге дейінгі әскери дәстүрі мен мәдениетінің даму тарихын таныстыратын сирек әрі бірегей экспонаттар қойылған Әскери-тарихи музейдің экспозицияларын аралап көрді. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев «Жас Ұлан» республикалық мектебінің оқушыларымен кездесті. «Жас Ұлан» – Қазақстан Қарулы күштерінің болашақ жауынгерлері екенін атап өткен ел Президенті курсанттардың оқуда үздік болуына тілектестік білдірді. Мемлекет басшысы Отанды бала кезден сүйіп, ата-бабаларымыз сияқты қорғауға және сақтауға дайын болу керектігін айтты. Кездесу соңында Мемлекет басшысы орталықтың Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. *** Ғимаратта ел тарихындағы тұңғыш Әскери-тарихи музеймен қатар концерт залы, уақытша көрмелер залы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық оркестрі мен Орталық ансамблі орналасатын болады.