Мемлекет басшысы 1300 пәтерге арналған ЭКСПО қалашығын, «MEGA Silk Way» сауда-сауық орталығы ғимаратын, ЭКСПО офисін және «Энергия зерттеу орталығын» аралап көрді.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Алжир, Қатар, Қытай, Малайзия, Үндістан елдерінің экспозициясы орналасатын халықаралық павильондармен танысты.
Соңында Елбасы кеңес өткізіп, онда «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасының халықаралық көрмеге әзірлік барысы туралы баяндамасын тыңдады.
– Қазіргі уақытта 112 ел көрмеге қатысатынын растады, соның ішінде 104 ел өздерінің комиссарларын тағайындады. 94 келісімге қол қойылып, 75 мемлекет ұлттық күнін өткізу үшін нақты датаны алдын ала белгіледі, – деді А.Есімов.
Кеңес барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа арнаулы халықаралық комиссия іріктеп алған энергетика саласындағы үздік 24 жобаға қатысты шешім жөнінде мәлімделді. Бұл жобалар көрменің арнаулы павильонында ұсынылатыны атап өтілді.
– Екі жылда аса ауқымды жұмыс атқарылды. Енді бұл нысандарды жабдықтап, тиісті кадрларды даярлауымыз қажет. Бұл – басты міндет, біз оны бақылауда ұстайтын боламыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті кеңес қорытындысы бойынша Премьер-Министрге «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамымен және Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп, халықаралық мамандандырылған көрме аяқталғаннан кейін оның нысандарын әрі қарай пайдалану мәселесін пысықтауды тапсырды.