National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Мемлекет басшысы «Астана ЭКСПО-2017» көрме кешенінің капсуласын cалу рәсіміне қатысты

2014 жылғы 24 сәуір

 

Мемлекет басшысы «Астана ЭКСПО-2017» көрме кешенін салу жұмыстарының кестесімен танысты, сондай-ақ капсуласын салып, құрылыс жұмыстарын бастап берді.

Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының мәслихат депутаттарымен, негізгі мердігер ұйымдар басшыларымен және инвесторлармен әңгімелесті.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы бүгін «ЭКСПО-2017» нысандарының құрылыс жұмыстарының басталғанын атап өтті.

  – 2017 жылы елордамыздың жиырма жылдығы көрменің ашылуымен тұспа-тұс келеді. Осы жылдар ішінде мен Астананың көптеген нысандарының құрылысын бастап бердім, ал бірақ дәл мұндай нысанды біз салған емеспіз. Бұл іс жүзінде Астананың бірегей инновациялық ғимараттары бар жаңа орталығы болады. Бұл ретте нысандардың басым көпшілігі желдің күшін, күн және өзге қуат көздерін қамтитын «жасыл» энергиямен қамтамасыз етілетін болады. Кешен Назарбаев Университеті үшін базаға айналады, оның студенттері мен ғалымдары жаңа технологиялар әзірлей алатын болады, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев кешен құрамында 4 мың пәтер, жаңа қонақ үй, Конгресс-холл, сондай-ақ ұзындығы 500 метрлік «жабық қала» салу жоспарланып отырғанын айтты.

  – Жабық аймақта ойын-сауық және сауда орындары орналасады. Басты павильонның өзі диаметрі 80 метр және биіктігі 100 метр шар пішіндес болады, онда халықаралық павильондар орналасады. Бұған қоса, барлық қажетті нысандары бар аллея жасалады. Жалпы, кешенді салуға өте көп құрылысшы қатысады, шағын және орта бизнестегілер көптеген жұмыс орындарын аша алады. Бұл орайда негізгі мақсат – құрылысқа қазақстандық мердігер ұйымдарды тарту. Бұл үшін оларға өз деңгейлерін көтеруге, жоғары сапа мен кәсіби шеберліктерін көрсетулеріне тура келеді, – деді Мемлекет басшысы. 

Қазақстан Президенті ЭКСПО-2017 әлемдік қоғамдастыққа елордамыздың да, күллі еліміздің де жетістіктерін көрсетуге мүмкіндік беретінін жеткізді.      

 – Көрменің өзін өткізумен қатар біз бай мәдениетімізді, тарихымыз бен өнерімізді көрсетуге тиіспіз. Осының барлығы Үкіметтің, қала әкімдігінің, барлық министрліктер мен ведомстволардың зор үйлесімді жұмысын талап етеді. Біз бұл маңызды міндетті атқара аламыз және әлем алдында мүлде жаңа сапада көрінеміз деп сенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары 2014 жылғы мамырдан 2016 жылғы желтоқсанға дейін жоспарланған. «Астана ЭКСПО-2017» көрме кешенінің жалпы аумағы – 174 гектар, мұнда аумағы бір миллион шаршы метрден астам нысандар құрылысы жоспарланып отыр.

Көрме аймағында Қазақстанның Ұлттық Павильоны, халықаралық, тақырыптық және корпоративтік павильондар, сауда және ойын-сауық нысандары орналасады. Көрмеден тыс аймақта конференция орталығы, баспасөз орталығы, төбесі жабық қалашық, тұрғын үйлер мен қонақ үйлер құрылысы жоспарланған. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің