Нұрсұлтан Назарбаев электрондық-оптикалық құрылғылар шығаратын қазақ-түрік бірлескен кәсіпорны қызметімен танысты, сондай-ақ өндірістік корпустарын қарап шықты. Мемлекет басшысы Қазақстанда мұндай жоғары технологиялық өндіріс құрудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Бұған қоса, Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетов кәсіпорынды аралау барысында «Астана – жаңа қала» индустриялық паркі – арнайы экономикалық аймағы жұмысының аралық нәтижелері туралы баяндады, онда кәсіпорын өз қызметін жүзеге асырады. Жалпы, парк аумағында инвестициялық жалпы көлемі 181 млрд. теңге болатын 49 жоба мәлім болған, оның ішінде 11 жоба табысты жұмыс істеуде, 8-і пайдалануға берілуде, ал қалған 30-ы іске асырылу үстінде.
«Қазақстан Аселсан инжиниринг» ЖШС электрондық-оптикалық құрылғылар шығаратын бірлескен кәсіпорны Нұрсұлтан Назарбаевтың Түрік Республикасы басшылығымен уағдаластығына сәйкес 2011 жылы құрылған болатын.
Бірлескен кәсіпорынға қатысушы – «Аселсан» компаниясымен Трансферт технологиясы туралы шарт аясында түрік тарапы Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіп кешені өнімдерінің компоненттері болып саналатын электрондық-оптикалық құрылғылар, электрондық платалар мен линза өндірісі үшін технологиялық құжаттар, материалдар мен жабдықтар ұсынып отыр.
Бұған қоса, бірлескен кәсіпорын өнімдерін қазақстандық қамтуды бірінші кезеңдегі 30 пайыздан таяу бес жыл ішінде 67 пайызға дейін ұлғайту жоспарланған.