Мемлекет басшысы Қазақстанда теннисті дамыту үшін 10 жыл ішінде барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Корттар саны төрт есе өсіп, 60-тан 244-ке жетті, сондай-ақ тенниспен айналысатын спортшылар саны жыл сайын артып келе жатыр.
– Теннис спорты тиісті инфрақұрылым болғанда ғана дамиды. Әр өңірде балалар спортпен шұғылданып, биіктерді бағындыруы үшін әлемдік стандартқа сай теннис орталықтары салынуға тиіс. Осы теннис орталығында жаттығатын спортшылар әлемдік деңгейдегі жұлдыздарға айналады деп үміттенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы жас теннисшілермен әңгімелесу барысында әрдайым жеңіске деген сенімдерінің берік болуына, жігерлілік пен спорттық шеберлік арқылы алға қойған мақсаттарына жетулеріне ниеттестік білдірді.
Жалпы көлемі 8100 шаршы метр болатын «Эйс» теннис орталығында «хард» қатты жабындысы төселген 4 жабық және 6 ашық корт бар. Сондай-ақ, мұнда 2 тренажер залы, медициналық пункт, киім ауыстыратын бөлмелер, нұсқаушылар кабинеттері, конференц-зал, тамақтану орындары орналасқан. Барлық корт халықаралық талаптарға сай келетін жарық беру жүйесімен қамтамасыз етілген. Бұл жаз мезгілінде «ATP Challenger» деңгейіндегі турнирлерді өткізе алатын Алматыдағы бірден-бір теннис орталығы.
Спорт нысаны жеке инвесторлардың қаржысына салынды.