Қазақстан Президенті брифинг барысында мемлекеттің өңірді дамытуға зор көңіл бөліп отырғанын атап өтті.
– Облыста мемлекеттік бағдарламаларды, соның ішінде индустриялық-инновациялық даму, білім, тұрғын үймен және жұмыспен қамту жөніндегі бағдарламаларды іске асыруда жұмыс жақсы жүріп жатыр деп санаймын. Халық санының жоғары деңгейі әлеуметтік мәселелерге де ерекше назар аударуды қажет етеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары саны жөнінен еліміздегі ірі өңірдің бірі болып саналатынын, бұл жерде жылына 80 мың бала өмірге келетінін, Шымкент тұрғындарының саны миллионнан асуы үшін көп іс атқарылып жатқанын атап өтті.
– Облыста жыл сайын 30-дан астам білім беру нысаны салынады. Жаңа денсаулық сақтау нысандарының пайдалануға берілуі облыс тұрғындарының денсаулығына оң әсерін тигізуде. Бұған қоса, өңірде халқымыздың тарихи және бірегей мәдени ескерткіштері көптеп саналады, – деді Қазақстан Президенті.
Соңында Мемлекет басшысы облыс тұрғындарына бақ-береке және мол игілік тіледі.
Бәйдібек би ескерткіші Шымкент қаласының солтүстік бөлігінде, қаланың ең биік тұсында орналасқан. 6700 шаршы метрлік аумақты алып жатқан ескерткіш демеушілердің, азаматтар мен кәсіпкерлердің қаражатына орнатылған.