Қазақстан Президенті өндіріс үдерісінде пайдаланылатын инновациялық әзірлемелермен және жабдықтармен танысып шықты.
Мемлекет басшысына бірегей саналатын және ТМД-да баламасы жоқ компьютердің негізгі өзегі - плата шығаратын автоматтандырылған желі таныстырылды.
Нұрсұлтан Назарбаев бұл зауыттың тұрмыстық техниканың барлық түрін өндіретін Қазақстандағы бірден-бір ірі кәсіпорын саналатынын атап өтті.
- Келесі жылы зауытты біршама кеңейту жоспарланып отыр. Бүгінде оның аумағы - 50 мың шаршы метр. Зауыт кеңейсе, біздің еліміз үшін өте сапалы, инновациялық өнімдер көбірек өндіріледі. Тиісті мамандар да осыған байланысты даярланады. Мұндай кәсіпорындар жаңа технологияның өркендеуіне сай, дамитын болады. 1998 жылы мен осы зауыттың ашылуына қатыстым. Ол кезде біз тек қана қосалқы бөлшектерді тасумен және жинаумен айналыстық. Қазір құрастырғыштардың 60 пайызға жуығы Қазақстанда өндіріледі. Кейінірек, екінші зауыт салынған кезде, бұл көрсеткіш 70 пайызға жетеді. Ол еліміздегі және ТМД елдеріндегі ірі кәсіпорынға айналады. Онда жоғары сыныпты, жоғары еңбекақы төленетін мамандар жұмыс істейтін болады, - деді Қазақстан Президенті.
LG зауыты Алматыда 1998 жылы мамыр айында Қазақстан Президентінің қатысуымен ашылды. Осы жылдар ішінде зауыт жеке өндірістік желілерді және өнімдерге сервистік қызмет көрсетуді қоса алғанда, ірі кешенді кәсіпорын ретінде өсті. Ол электроника және тұрмыстық техника өндірісі бойынша Орталық Азиядағы ірі өндіріс орны саналады.
Бүгінде зауытта 420 жұмыс орны ашылған, келесі жылдың басында жаңа өндірістік желілердің енгізілуімен бірге жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған.