Спорт сарайын аралау барысында Мемлекет басшысы бірегей кешенді көріп, сан алуан спорт түрлерімен шұғылданатын спортшылармен әңгімелесті және оларға табыс пен жаңа жеңістер тіледі.
«Тараз – Арена» спорт сарайы 2,5 мың адамға арналған, облыс орталығы тұрғындарының 18 спорт түрімен шұғылдануларына мүмкіндіктер береді. Бес қабатты ғимаратта жалпы дене шынықтыру және атлетикалық дайындық жасау, спорт-бал билерімен, спорт ойындарымен (волейбол, баскетбол, шағын футбол, теннис) айналысатын 13 зал, бассейндер, боксшылар шаршы алаңдары бар.
Кешеннің айналасында ашық футбол алаңы, волейбол және баскетбол алаңдары, теннис корттары жүйесі, 260 көлікке арналған автотұрақ салынған. Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолайлы пандустар және сүйеніп жүруге арналған таяныштар жүйесі орнатылған.
Спорт сарайы облыстық, республикалық және кәсіби деңгейдегі жоғары маңызы бар халықаралық спорттық-көпшілік іс-шаралар өткізуге ыңғайлы.
7,5 гектар алаңды алып жатқан «Бәйтерек» шағын ауданында салынып жатқан спорт кешенінің құрылысы 2011 жылы басталған. Оның жұмысына 35-тен астам субмердігерлік компания, 360 жұмысшы тартылған, басым көпшілігі – жергілікті кадрлар. Жобаның құны – 4,87 млрд. теңге.