Мемлекет басшысына өңірдегі мектепке дейінгі білім және орта білім беру ісін дамыту, сондай-ақ білім беру нысандары құрылысын жүзеге асыруды қамтитын бағдарламаларды іске асырудың негізгі нәтижелері туралы баяндады. Нұрсұлтан Назарбаев облыста апатты жағдайдағы мектептерді және үш ауысыммен оқытуды жою жөніндегі жүйелі жұмыстарды бұдан әрі жалғастыру қажеттігіне назар аударды. «Інжу» білім беру мекемесі «Балапан» бағдарламасы аясында мемлекет-жекеменшік серіктестігі негізінде салынған, оған 280 орынға арналған балабақша, 80 орынға арналған бастауыш мектеп-гимназия кіреді. Кешенде оқу қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізілетін 12 топ және 4 сынып ашылған. Онда барлығы 12 педагог және 36 тәрбиеші еңбек етеді. Екі қабатты үш корпустан тұратын кешен ғимаратын салу кезінде 128 жаңа жұмыс орны ашылды, жобаның құны – 650 млн. теңге.