Зауытты аралау кезінде Мемлекет басшысы кәсіпорын жұмысымен танысып, оның өндірістік желісін көріп шықты.
Сонымен қатар, Атырау облысының әкімі Б.Ізмұхамбетов Нұрсұлтан Назарбаевты өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және осында іске асырылып жатқан индустриялық жобалар туралы хабардар етті.
Қазақстан Президенті жұртшылық өкілдерімен әңгімелесу барысында Атырау облысы еліміздің мұнай-газ өнеркәсібі орталықтарының бірі болып саналатынын атап өтті.
– Мен бұл өңірде 30 жылдан астам уақыттан бері болып жүрмін және мұнда жағдайдың қандай болғанын білемін. Қазір, өздеріңіз көріп тұрғандай, тұрмыс жағдайы түбегейлі өзгерген. Атырау Қазақстанның өз тәуелсіздігін алғаннан бері қалай дамығанының символы болып саналады. Мемлекет жүргізіп келе жатқан барлық жұмыс халықтың әл-ауқатын арттыруға, оның мүдделерін қорғауға бағытталғанын әрдайым айтып келемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы өңірдегі жүрек-қан тамыры ауруынан болатын өлім осы кезге дейін еліміз бойынша ең жоғары деңгейде болып келгенін, қазір бұл көрсеткіш төмендегенін, сондай-ақ бала өлімі де азайғанын атап өтті.
– Қарқын жыл сайын жақсарып келеді. Егер бұрын Қазақстанда 10 мыңға жуық күрделі операция жасау қажет болса, біз тек мың операция ғана жасап келдік, қазір барлық өңірдегі аурухана құрылысын ескерсек, оның барлығы өзімізде орындалуда. Қымбатқа түсетін операция жасату үшін шетелге барудың қажеті жоқ. Мұның бәрі мемлекеттің ұлт денсаулығы мәселесіне жете көңіл бөліп отырғанын білдіреді. Қазақстандықтар өз болашағына, балаларының, жалпы еліміздің болашағына сеніммен қарайды, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев білім беру деңгейі мен сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар туралы да айтты.
– Қазіргі әлем жедел қарқынмен дамуда, сонымен қатар білім деңгейі де артуда. Осы серпінге сай болу керек. Бәсекеге қабілеттіліктің негізі терең білімге байланысты. Бүкіл елімізде мектептер салынуда, үш ауысымда білім беру тақтатылып, апатты мектептер жойылатын болады. Талантты жастарға зияткерлік мектептер, Назарбаев университеті, сондай-ақ, қазір 1500-ге жуық адам білім алып жатқан «Болашақ» стипендиясы арқылы қолдау көрсетілуде, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті үш жарым жылда экономика саласында 540-тан астам жоба жүзеге асырылып, 100 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылғанына тоқталды. Биыл тағы 50 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
– Мұнай-газ индустриясын дамыту үшін біз қаржы тартумен белсене айналысудамыз. Тек «Қашаған» жобасына ғана біз 50 миллиардтан астам инвестиция тарттық. Осының бәрі ел бюджетінің түсімін қамтамасыз етеді. Өзге де ірі жобаларды, атап айтқанда, «Каспий құбыр консорциумы» жобасын іске асыру да елімізді дамытуға бағытталған маңызды жұмыс болып табылады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы шикіза секторына тәуелділікті азайту үшін ел экономикасын әртараптандыру жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Өңдеу өнеркәсібі секторындағы өндіріс көлемі артуда. Тікұшақ жасау, фотоэлектрлік пластина шығару тәрізді және өзге де жоғары технологиялық салалар қалыптасты. Экономиканы дамыту және мұнай мен металл бағасына тәуелді болмау үшін табиғи ресустардан алынатын барлық кірісті өндіріске салу қажет, – деді Қазақстан Президенті.
ТМД елдерінде баламасы жоқ жаңа құбыр арматурасы зауыты Қазақстан мен «Шеврон» компаниясының бірлескен жобасы болып саналады. Кәсіпорын өнімдері түрлерінің бірі – ауыз сумен жабдықтау, газбен қамту, ағын суға арналған жүйе үшін тиек шығару. Негізгі өткізу рыногы Қазақстан мен жақын шетелдердің тұрғын үй-коммуналдық салалары болады.
Қазақстанның жоғары білікті 75 маманы зауыт ұжымын құрайды.
Қазіргі уақытта кәсіпорында өндірістік жабдықтарды іске қосуға дайындық жүргізілуде, алғашқы дайын өнімді шығару 2013 жылғы шілденің аяғына жоспарланып отыр.