National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Жұмыс сапарлары

Мемлекет басшысы Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының әкімдерімен кеңес өткізді

2015 жылғы 17 қыркүйек

 

Кеңесте инвестициялар және даму министрі Ә.Исекешов, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы С.Мыңбаев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы А.Мырзахметов баяндама жасады.

Шара барысында Мемлекет басшысы Қазақстандағы өнеркәсіптік өнімдердің жартысы елдің батыс өңіріндегі төрт облыста өндірілетінін атап өтті.

Бұл облыстардың дамуының бүкіл экономикамыз үшін маңызы зор. Жер аумағының үлкендігіне байланысты елдің әр өңірінің өзіндік ерекшелігі бар. Батыс мұнай өндіруге және өңдеуге маманданған. Соған байланысты біз нақ осы саланың дамуына мол инвестиция салып жатырмыз, – деді Қазақстан Президенті.

Бұл орайда Нұрсұлтан Назарбаев өңірде инфрақұрылымдық құрылыс ауқымын кеңейту қажеттігіне тоқталды.

Жаңа экономикалық ахуал біздің индустриялық бағдарымыздың дұрыстығын тағы көрсетті. Сол себепті мен бүгін кабель өндіретін және мұнай саласына арналған ауыр жабдықтар шығаратын екі зауытты барып көрдім, бұлар – маңызды әрі қажетті нысандар, – деді Мемлекет басшысы

Қазақстан Президенті әкімдердің назарын мұнай-газ саласының айналасында шағын және орта бизнесті дамыту қажеттігіне аударды.

Атырау облысында шағын және орта бизнес үлесі 8 пайызға, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында 17 пайызға тең. Бірақ аталған мұнайлы өңірде шығарылатын өнім көлемін ұлғайтуға ден қойған жөн. Соның есебінен жұмыс орындары ашылады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы өндіруші кәсіпорындардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін  индустриялық аймақ құру мәселесін қозғады.

Мысал ретінде Шеврон компаниясын айтуға болады, оның жұмысын арматура және құбыр шығаратын зауыттар қамтамасыз етеді, сәйкесінше өңірдің әлеуметтік дамуына қажетті қаражат түсуде, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ индустрияландыру және инфрақұрылымдар құрылысы жөніндегі жоспарларды жаңа экономикалық жағдайды ескере отырып қайта қарауды тапсырды.

Дағдарыс кезінде тұрақты жұмыс орындарының саны қысқарады, бұл бүкіл әлемге тән өзекті мәселе. «Нұрлы жол» бағдарламасын әр өңірде ірі өндірістен қысқарып қалғандар үшін жұмыс орындарын ашуға бейімдеу керек деп ойлаймын. Біз мұндай тәжірибені 2008-2009 жылдардағы дағдарыс кезінде қолданғанбыз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бүгінде бүкіл әлем дағдарыс ықпалын сезініп отырғанын айтты.

Мұнда тұрған қорқынышты ештеңе жоқ. Біз капиталистік әлемде өмір сүріп жатырмыз.  Бұл жүйеде ұдайы өсім болуы мүмкін емес, өсімнен кейін ылғи да құлдырау болады. Әлбетте, дағдарыс ықпалы зор болып отыр: бір жағынан энергия тасымалдаушы өнімдер бағасы құлдырауда, екінші жағынан біздің негізгі сауда серіктесіміз – Ресейге қатысты санкциялар өз ықпалын тигізуде. Бірақ кез келген дағдарыс – бәрін тәртіпке келтірудің де мүмкіндігі. Мәселен, біз нашар істейтін кәсіпорындар мәселесін ылғи кейінге қалдырып келдік. Мұндай нысандар бүкіл әлемде банкроттыққа ұшырайды, бұрынғы меншік иесінің орнына басқасы келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы өңір басшыларын тиімсіз жұмыс істейтін және бәсекеге қабілетсіз кәсіпорындардың болашағы жоқ екенін ескеруге шақырды.

Мен ЕАЭО-ға және ДСҰ-ға кірер кезде біздің кәсіпкерлерге бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажеттігін талай рет айттым. Енді кедергілерді азайтып, еңбек өнімділігін көтеру керек, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Сочиде өткен XII өңіраралық ынтымақтастық форумы туралы да айтты.

Біз Ресеймен бірге ауыл шаруашылығын дамыту келешегін талқыладық. Бүгінде агроөнеркәсіп секторында ресейліктер бізден озып тұр. Олардың еңбек өнімділігі 1,5 есе жоғары, сөйте тұра Ресей канадалықтардан 8-10 есе қалыс қалып келеді. Бізге осы бағытта жүру керек. Бүгін мен оптикалық талшықты кабель өндіретін кәсіпорында болдым, онда бір адамға шаққанда 80 мың доллардың өнімі шығарылады. Егер шығаратын өнімі шығындарды ақтамайтын болса, ондай өндірістің қажеті жоқ, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті елдің батыс өңірінің дамуындағы басымдығы бар бірнеше бағытты атап өтті.

Біз индустрияландырудың бірінші бесжылдығын іске асырдық, 80 мың жұмыс орнын аштық, енді қазір екінші кезеңге кірістік. Тек батыс өңірдің өзінде ғана 177 жоба іске қосылды, бірақ соның 50 пайызы жұмыс істемейді  немесе  жоспарланған қуатына жеткізілмеген, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы маңызды бағыт ретінде кен орындарын барлау ісін жандандыруды атады.

Тіпті Теңіз бен Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарының өзі 10-15 жылдан соң кен өндірудің ең шырқау шегіне жетеді. Егер осы уақыт аралығында жаңа кен орындарына барлау жасамасақ, оның салдары ауыр болады. Барлауға ең ірі халықаралық компанияларды тарту керек. Каспий маңы ойпатында барланбаған орасан мол кен қорлары барын біз білеміз, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев мұнай мен газды тереңдете өңдеудің мөлшерін арттыру қажеттігіне де тоқталды.

Біз өндірілген ресурстардың барынша жоғары қосымша құнын қамтамасыз етуге тиіспіз. Сондықтан да мұнай химиясына көп көңіл бөліп отырмыз. Атырау облысында күрделі полимерлер өндіретін мұнай өңдеу зауытын қайта құру жұмысы жүріп жатыр. Мұндай кәсіпорындардың құны 5-6 миллиард доллар болады. Қазір Қазақстанның ауқымды мұнай химиясын дамытуға негіз қалануда. Сондықтан «Ұлттық индустриялық мұнай химиясы технопаркі» еркін экономикалық аймағының құрылысына елеулі қаражат бөлініп жатыр. Оны тиімді игеру Үкімет пен Атырау облысы басшылығының міндеті болып саналады, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті мұнайды өңдеу тереңдігі Қазақстанда – 68%, Ресейде – 72%, Еуроодақта – 85%, АҚШ-та 95% екенін айтты. Мемлекет басшысы осы ретте бұл үдеріске жаңа технологияларды енгізу қажеттігін атап көрсетті.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев елді индустрияландырудың және «Нұрлы жол» жобасын жүзеге асырудың жайына тоқталды.

ҚХР-ға сапар барысында біз қытай тарапымен сомасы 23 миллиард доллар болатын келісімшарт жасастық, ондаған нысанды іске қосу жоспарланып отыр. Бірлескен кәсіпорындар әртүрлі шарттар негізінде құрылатын болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасы Қазақстан үшін тиімді трансқұрлықтық логистикалық жоба болып саналатын «Жібек жолы» экономикалық белдеуін құру бастамасымен сабақтасатынын айтты.

Бұл бағытта қазірдің өзінде аз жұмыс істелген жоқ. Бүгінде Қытайдағы Ляньюньган портындағы біздің терминалмен АТМ (Азия – Тынық мұхит) елдерінен Қазақстан  арқылы Еуропаға 250 мың контейнер жіберіліп жатыр. 2020 жылға қарай ол екі еселенеді. Бұл пойыздардың жүріп өтетін жолында бизнес-құрылымдар пайда болады. Сонымен қатар Батыс Еуропа – Батыс Қытай жолының құрылысы аяқталуға таяп қалды. Бұл жоба да зор мүмкіндіктерге ие. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында батыс өңірде сомасы 345 миллиард теңге болатын жобалар жүзеге асырылады. Бірінші рет біздің елде кемелер мен паромдар құрастыратын комбинат салынуда. Ресейге шығатын Ақтөбе – Атырау, Атырау – Астрахань, Орал – Каменка автомобиль жолдары салынып жатыр. Бұл жобалардың барлығы экономикамызға серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізетін болады, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев жұмыспен қамту, әсіресе шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамту мәселелеріне назар аударды.

Бұл – әлемнің барлық елдері үшін, Қазақстан үшін де елеулі міндет. 20-50 адам еңбек ететін кәсіпорындардың көп болғаны маңызды. Мәселен, Германия дағдарыстан қиындықсыз өтті, өйткені бұл елде шағын және орта бизнес кәсіпорындары көп, олар экономиканың 90 пайызын қамтамасыз етеді. Ірі өнеркәсіптік кәсіпорындармен салыстырғанда олар әлдеқайда икемді болып келеді. Мәселен, егер өнімдеріне деген сұраныс азайса, сол сәтте олар басқа салаға ауысады, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті бүгінде елімізде шығарылатын сапалы отандық өнімдердің мөлшерін ұлғайту жұмысы жүріп жатқанын атап өтті.

Өндірушілерімізге қолдау көрсеткен жөн. Мысалы, менің қазір кигенім – Қазақстанда тігілген костюм мен туфли. Мен осылайша біздің жеңіл өнеркәсіпті жарнамалап отырмын,  – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Мемлекет басшысы күрделі кезеңді тыныштық пен татулық жағдайында өткерудің маңыздылығын атап өтті. Соған орай Қазақстан Президенті қоғамда араздық тудырған адамдар жауапқа тартылатынын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы бірлік пен келісімнің маңыздылығын тағы бір рет еске салды.

Бұдан бұрын айтқанымдай, біз ауызбірлігіміз болмаған кезде ғана әлсіз болдық. Егер біртұтас болатын болсақ, бәрі қолымыздан келеді. Мына қиындықтарды ынтымақпен еңсеріп, дамудың жаңа жолына шығу қажет, – деді Мемлекет басшысы.  


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің