Мемлекет басшысының Алматы облысына жұмыс сапары аясында өткен іс-шараға Қарасай ауданының 5 мыңнан аса тұрғыны қатысты.
Жиналғандарға сөз арнаған Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде ел азаматтары үшін бүкіл әлемге есік ашық екенін, бірақ Қазақстан баршаның қайта оралуға тырысатын орны болып қала беретінін атап өтті.
– Қазақстандықтардың еңбегінің арқасында біздің республикамыз тарихи тұрғыдан қысқа мерзім ішінде ғаламат табыстарға жетті, Тәуелсіздігін нығайтып, танымал әрі беделді елге айналды. Бүгінде біздің ынтымағымыздан өзге мемлекеттер үлгі алып жатыр. Мен үшін бүкіл Қазақстан алтын бесік саналады, баршамызға да солай болуға тиіс. Адам өзінің балалық шағы өткен жерді ешқашан ұмытпайды, Үшқоңыр – мен үшін осындай жер. Жетісудың саф ауасы мен салқын самалын басқа жерден табу қиын. Ғажайып табиғат, сүйікті тауларымыз жылдар өтсе де, бұрынғыдай керемет, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті ғылым мен өнердегі және басқа салалардағы көптеген көрнекті тұлғалардың ауылдан шыққанына назар аударды.
– Ауыл – халық руханиятының діңгегі, мәдениетінің мәйегі, елдігінің бастауы, дәстүрінің қайнар көзі. Қарасай жері ежелден көпэтникалық мәдениетімен белгілі, мұнда түрлі халықтар мен этностардың өкілдері өмір сүріп келеді. Олар бізге әкелеріміз арқылы берілген бірліктің, татулық пен келісімнің рухын сақтады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы мемлекеттің өңірлерді дамыту жөніндегі жүйелі саясатының нәтижесін бүкіл елден көруге болатынын айтты.
– Мен бұл өлкенің қалай гүлденіп келе жатқанын ұдайы назарымда ұстаймын және шын қуанамын. Былтыр Алматы облысында 20 мың жұмыс орны ашылды. Индустрияландыру бағдарламасы бойынша өңірде құны 283 миллиард теңге болатын 48 жоба жүзеге асырылды. Соңғы екі жылда жолдарды қалпына келтіруге бір миллиард теңгеден бөлінді. «Орталық – Оңтүстік» және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистралдерінің осы өңірдегі учаскелерінің құрылысына 50 мыңнан астам адам қатысатын болады. Былтыр облыста 27 денсаулық сақтау нысаны салынды, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысының әлеуметтік ахуалы жақсарғанын атап өтті.
– Былтыр өңірде 720 мың шаршы метр баспана салынды. Соның жартысына жуығы – Қарасай ауданында. Қаскелең қаласындағы «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде ғана үш мыңға жуық отбасы қоныс тойын тойлады, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев бір кездері арасы шалғай болған Алматы мен Қаскелең бүгінде қосылып кеткеніне назар аударды.
– Алматы сияқты аса ірі қаланың жақын орналасуы ауданның дамуына оң ықпал етеді. Қарасай ауданында бүкіл облыс өнімдерінің үштен бірі өндіріледі, мұнда 20 шақты ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Өткен жылы ауданда дәрігерлік амбулатория, 4 мектеп және бір балабақша пайдалануға берілді, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті жастарға жағдай жасау мәселесін де атап өтті.
– «Дипломмен – ауылға!» жобасы бойынша Алматы облысына ғана 4 мың маман барды. Бүкіл Қазақстан бойынша жастар «Еңбекпен қамту – 2020» бағдарламасына сәйкес жұмысқа орналастырылуда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы ауылға деген қамқорлық өткеннің табысына сүйенетін елдің болашағына деген қамқорлықты білдіретінін айтты.
– Биыл мемлекеттік деңгейде атап өтілетін тарихи даталармен бірге Сүйінбай ақынның да 200 жылдығы таяп келеді. Келер жылы Жамбылдың 170 жылдығы болады. Бұлар – осы өлкеде туған ірі тұлғалар. Өскелең ұрпаққа олардың өмірін үлгі ету үшін мерейтойларын атап өткен жөн, –деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев жасампаз еңбекті қолдауға, азаматтардың бақуаттылығын қамтамасыз етуге күш-жігер жұмсалып отырғанына назар аударды.
– Еңбек Адамы арнайы ордені тағайындалды. Біз бәріміз өз еңбегімізді және осы жылдары Қазақстанымызды соншалықты биікке көтере алғанымызды мақтан ете аламыз. Енді жаңа асуларды алуға тиіспіз. Сондықтан мен «Нұрлы жол» бағдарламасы мен халықтық бес реформаны ұсындым. Осы бағдарламалар арқасында біз үздік жетістіктерге жетеміз, ал әлемнің ең дамыған 30 мемлекеті қатарына қосылу ниетіміз лайықты мақсатқа айналады, – деді Қазақстан Президенті.
Соңында Мемлекет басшысы баршаға денсаулық, табыс пен бақ-береке тіледі.
Форум барысында Алматы облысы жұртшылығының өкілдері сөз сөйлеп, ауылды дамыту мәселесіне көңіл бөліп отырғаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты.
Іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты.