Мемлекет басшысы онда ферроқорытпа және шарболат өндірісін ұйымдастыру жөніндегі инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысымен танысты. Қазақстан Президенті зауыт өнімдері отандық өнеркәсіптегі жаңа бағыт екенін және оған нарықта сұраныс барын айтты. - Жаңа өндіріс болат өнімдерінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы кәсіпорынның болашағы бар, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ Қазақстан Президенті өндірістік корпустарды аралап көрді және кәсіпорын жұмысшыларымен әңгімелесті. KSP Steel» ЖШС-нің ферроқорытпа өндірісінің жобасы жылына 30 мың тонна ферросиликоалюминий өндіруді межелейді. Ол жобалық қуатына жеткенде 371 жұмыс орны қамтамасыз етіледі. Шарболаттар шығаратын цех құрылысының жобасы тау-кен байыту, энергетикалық және өзге де кәсіпорындарға қажетті әртүрлі диаметрдегі ұнтақтаушы шар шығаруға бағытталған. Жобалық қуаты жылына 48 мың тонна өнім өндіруге есептелген кәсіпорында 69 жұмыс орны бар.