Зауытты аралау барысында Мемлекет басшысы жаңа өндірістік қондырғылар құрылысына арналған алаңды көріп, мұнай химиясы зауытын жаңғырту жобасының жүзеге асу барысымен танысты.
Қазақстан Президенті аталған жобаның маңыздылығын атап өтті, оны жүзеге асыру мұнай өнімдерінің жоғары сапалы түрлеріне сұранысты өтеуге мүмкіндік береді.
- Зауытты жаңғырту Қазақстан үшін өте маңызды мәнге ие және ол индустрияландыру үдерісінің бір бөлігі саналады. Мұнай өндіруші ел болғандықтан, біз мұнай өнімдерінің барлық түрін өзіміз өндіруге тиіспіз, -деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы еңбек ұжымының өкілдерімен әңгімелесіп, жұмыс жағдайымен және кәсіпорынның әлеуметтік саясатымен танысты. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев ұжымға жұмыста табыс және бақ-береке тіледі.
Павлодар мұнай-химия зауыты мұнай өнімдерінің оннан астам түрін шығарады, кәсіпорында 3800-дей адам жұмыс істейді. Зауытты жаңғырту жобасы шикі мұнай өңдеу өнімділігін жылына 7,5 миллион тоннаға дейін ұлғайтуды, өңдеу ауқымын 90 пайыздан асыруды, ал өнім сапасын Еуро-5 стандартына сәйкестендіруді көздейді.