Мемлекет басшысы Алматы, Ақмола және Қарағанды облыстарының қолдауымен салынған, жалпы аумағы 32 гектар жерді қамтитын «Жібек жолы» саябағына барды. Онда қаладағы іске асырылып жатқан жобалармен танысты. Шара барысында Қазақстан Президентіне Түркістан халықаралық әуежайының құрылысы жайында ақпарат берілді. Әуежай құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Қасқасу» тау шаңғысы кешенін дамытуға және өңірдегі су ресурстарына қатысты жобалар туралы мәлімет берді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Мемлекет басшысына облыс орталығын дамыту, Түркістан қаласындағы мәдени-рухани жобалардың жүзеге асырылуы, шаһарға тартылған инвестиция көлемі жөнінде баяндады. Сондай-ақ Президентке өңірдегі COVID-19 инфекциясына қатысты жағдай және оған қарсы қабылданған шаралар, облыстық ахуалдық орталықтың жұмысы жайында есеп берді. Сапар соңында Мемлекет басшысы Түркістан облысының әкімшілік-іскерлік орталығындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.