Мемлекет басшысы сапар аясында облыстық мәслихаттың сессиясына қатысты, оның барысында депутаттар облыстың жаңа әкімі – Бейбіт Атамқұловтың кандидатурасын бір ауыздан мақұлдады.
Қазақстан Президенті бұрынғы әкім А.Мырзахметов үлкен жұмыс атқарғанын, нәтижесінде өңір экономикасы табысты дамып, әлеуметтік нысандар құрылысы белсенді жүргізіліп, қызмет көрсету саласы жүйелі түрде жақсарып келе жатқанын атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев А.Мырзахметовтің тәжірибесі мен беделі қазіргі уақытта елдің жетекші саяси күші болып саналатын «Нұр Отан» партиясының басшылығында қажет екенін айтты.
Мемлекет басшысы облыстың дамуына дәстүрлі түрде зор көңіл бөлінетініне, оның басшысына айрықша жауапкершілік жүктелетініне назар аударды.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті өңір активімен кездесу өткізіп, оның барысында облыстың жаңа әкімін таныстырды. Мемлекет басшысы Б.Атамқұловтың түрлі басқару салаларындағы жұмыс тәжірибесін, білім деңгейінің жоғарылығын атап өтті және өңірдің алдына қойған міндеттерді оның игере алатынына сенім білдірді.
Нұрсұлтан Назарбаев экономикадағы ахуалдың күрделенуіне байланысты қолда бар қаражатты пайдалану тиімділігін арттыруға басымдық берілетінін, бұл барлық деңгейдегі әкімдердің міндеті екенін атап көрсетті.
Мемлекет басшысы атап өткендей, республикада дағдарыстық құбылыстарды еңсеру үшін жүйелі шаралар қабылдануда. Елде жүргізіліп жатқан индустрияландыру экономиканың орнықтылығын күшейтуге, шикізаттың әлемдік бағасына тәуелділікті азайтуға, шағын және орта бизнестің үлесін арттыруға бағытталғанын айтты. «Нұрлы жол» бағдарламасы да дағдарысқа қарсы саясаттың ілкімді құралы болып саналады.
Қазақстан Президенті облыстың әлеуетін жүзеге асыру керектігін атай отырып, бірқатар негізгі міндеттер қойды. Олардың қатарында табиғи ресурстарды пайдалануды қоса алғанда, өнерекәсіпті дамыту, уран кластерін қалыптастыру, шағын және орта кәсіпкерліктің өркендеуі үшін жағдайды одан әрі жақсарту, агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттыру және пайдаланылмайтын жер алқаптарын азайту мәселелері бар.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы әлеуметтік өзекті, соның ішінде үш ауысымдық мектептерді жою, балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту аясын ұлғайту мәселелерін шешу ісін жалғастыруды тапсырды, бірақ бұл ретте шығыстардың орнымен жұмсалу қағидатын ұстану кажеттігін айтты.