National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Жұмыс сапарлары

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облыстық әкімдігінің ғимаратында болды

2012 жылғы 02 желтоқсан

Ғимаратты аралау кезінде Қазақстан Президенті Қарағанды облысында индустриялық-инновациялық бағдарламаны іске асыру барысымен және өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімен танысты.

Мемлекет басшысына «Лидос LTD» компаниясының жоғары технологиялық интерактивті жабдықтар өндірісі, домна газының қазандық құрылысы, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының конвертті цехындағы газ тазалағыш жөніндегі жобалар, сондай-ақ «Қазақмыс» компаниясы қызметінің негізгі көрсеткіштері таныстырылды.

Нұрсұлтан Назарбаев әкімдіктің ғимаратын аралады және облыстың жұртшылық өкілдерімен кездесіп, бейресми әңгіме өткізді.

Қазақстан Президенті Қарағанды облысы республика өнеркәсібіне елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

- Қарағандылық тұрғындар өте еңбекқор. Мемлекет үшін ең басты міндет – халықты жұмыспен қамту. Мемлекет жұмыс жасай алмайтындарды қолдауы керек, ал қалғандары жұмыс істеулері қажет.

Мемлекет басшысы тәуелсіз Қазақстан өте күрделі жағдайды бастан кешкеніне тоқталды.

- Қаражатпен бірге инвесторларды өте белсенділікпен тартқанымыздың арқасында, кәсіпорындарды жандандыруға мүмкіндік болды. Біз тәуелсіздік жылдарында елімізге 170 миллиард доллар тікелей инвестиция тарттық. Егер бұл ақша болмағанда, бүгінгі табыстар да болмас еді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Қазақстан халқының жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемі Шығыс Еуропа елдерімен бір деңгейде екенін атап өтті. Солай болса да, жаңа мақсаттарға жету үшін экономикалық өсімді ұстап тұру қажет.  

- Әлем өте күрделі, үнемі ауысуда, дағдарыс процестері жалғасуда. Еуропада не болып жатқанын бәріңіз көріп отырсыздар. Бірқатар елдер зейнетақы, еңбекақы көлемін азайтуда, 5-6 мыңдап жұмысшыларын қысқарта отырып, алпауыт кәсіпорындар тоқтауда. Біз, жаһандық дағдарысқа қарамастан, олай істеп отырған жоқпыз. Бұл еліміздің қуаты мен оның мүмкіндіктерін көрсетеді. Қазақстан бүгінде 90 миллиард доллар болатын өнімдерді экспорттайды. Енді біз осы әлеуетті одан әрі қалай арттыруды ойластыруымыз керек. Менің бастамам бойынша Кеден одағы құрылды. Ресей мен Беларусь қазақстандық тауарларды өткізу үшін бірден-бір нарық болып табылады. Бұдан бөлек, Кеден одағының арқасында, осында бірлескен кәсіпорындар құрылуда, жұмыс орындары ашылуда, машина жасау саласының өнімдері ұлғаюда, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.    

Мемлекет басшысы ресейлік және беларустық кәсіпорындармен бірлесіп ірі тонналық жүк машиналары мен тракторларды құрастыратын «Қазақмыс» компаниясын мысалға келтірді. Қазіргі кезде жаһандық жағдайда өмір сүру үшін барлық құрлықта интеграциялық бірлестіктер құрылып жатыр. Қазақстандық компаниялар Ресей мен Беларусьтің нарығын тездетіп игеру үшін Кеден одағы ұсынатын басымдықтарды пайдаланулары керек.

- Біз ДСҰ-ға мүше болу қарсаңында тұрмыз. Әлемге есігімізді аша отырып, индустриясыздандыру қаупін сезінуіміз керек. Егер біздің тауарларымыз сапасы мен бағасы бойынша шетелдік бәсекеге төтеп бере алмаса, онда отандық кәсіпорындардың тоқтап қалуы мүмкін. Алайда біз оған жол бермеуіміз керек. Қазақстандық тауар өндірушілер Кеден одағында шыңдалып, алдымен осындағы бәсекелестікте жеңіп шығып, ал содан кейін әлемдік нарыққа шығуы тиіс. Сондықтан біз шикізат ресурстарына тәуелсіз басқа экономиканы құра отырып, елімізде индустрияландыру жүргізудеміз. Қазіргі кезде 550 кәсіпорын іске қосылды, 150 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Негізгі мақсат – 70 миллиард доллар салып, осындай кәсіпорындар санын арттырып, бір жарым миллион жаңа жұмыс орнын ашуды қамтамасыз ету. Соның нәтижесінде біздің экономикамыз 1,5 есе артады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті индустрияландыру бағдарламасымен қатар, елімізде халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыспен қамту, «Бизнестің жол картасы» тәрізді бағдарламалар мен өзге шаралар іске асырылып жатқанына тоқталды.

- Әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру маңызды. Қарағанды облысында осы жылдары 14 мектеп іске қосылды. Өңір балабақшамен қамту бойынша республикада бірінші орында, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.                 

Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сарапшылар тобының жетекшісі В.Молотов-Лучанский республикамыздағы барлық этномәдени бірлестіктері атынан Мемлекет басшысына елімізде толеранттық және этникааралық келісім ахуалын  орнықтырғаны үшін алғыс айтты.

- Сіздің Қазақстан халқы Ассамблеясының 19-сессиясында қоғам көшбасшылары мен белсенді жастарға біз толеранттық және келісім идеяларын әр азаматқа түсіндіре алдық деген сөзіңіз менің есімде. Біз бүгінде осындай жұмыстарды белсенді жүргізіп жатырмыз. Бізге жүктелген міндеттерді орындау үшін Көшбасшымыз – Сіздің соңыңыздан алға қадам басатынымызға сендіргім келеді, - деді В.Молотов-Лучанский.

Сарань қаласындағы спорт мектебінің директоры И.Блат Қарағанды резинатехникалық бұйымдар зауыты тоқтап қалып, жаппай жұмыссыздық белең алып, станцияда қазандық жұмыс істемей тұрған, өңірдегі қиын кездерді еске салып өтті.

- Біз қиын кезді бастан кештік. Алайда Сіздің жігерлі шешіміңіздің арқасында зауыт іске қосылды, адамдар жұмыспен қамтылды және қаламыздың болашағына деген сеніміміз оянды. Шағын қалаларды дамыту жөніндегі бағдарламаның арқасында, бүгінде Сараньның екінші тынысы ашылды – тұрғын үйлер, балабақшалар, спорттық ғимараттар салынуда. Бұл балаларымыз бен немерелеріміз тұрып жатқан туған қаламызбен тағдырымыз бір болғандықтан, ертеңгі күнге деген сенімді арттырады, - деді И.Блат.           

«Құрылыс» ЖШС №2 өндірістік цехының бастығы М.Мұратбекова 24 жылдан бері өндірісте жұмыс істейтінін айтты. Ол жалпы еңбек тақырыбы болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік беретініне тоқталды.

Мемлекет басшысы атап өткендей, әлеуметтік жағдайдың жақсаруының, табыстың артуының  нәтижесінде соңғы 10 жылда қазақстандықтардың орта жасы 64 жастан 70 жасқа жетті. Қазақстан Президенті бұл мемлекет жүргізген жұмыстың басты қорытындысы екеніне тоқталды.       


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің