National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Жұмыс сапарлары

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыға жұмыс сапары аясында «Инновациялық технологиялар паркі» еркін экономикалық аймағында болды

2013 жылғы 05 маусым

Қазақстан Президенті «Инновациялық технологиялар паркі» еркін экономикалық аймағының (ЕЭА) қазіргі қызметімен, сондай-ақ, кәсіпорындардың еркін экономикалық аймақ аясындағы өндірістік қызметі үдерістерімен танысты.

Нұрсұлтан Назарбаевқа «SAT&Co», Қазақстан-Британ техникалық университеті, «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы» АҚ», «Hewlett Packard» тәрізді ұйымдар іске асыратын технопарк құрылысының екінші кезектегі жобалары таныстырылды.

Мемлекет басшысы «Инновациялық технологиялар паркі» еркін экономикалық аймағының әкімшілік корпусында инновация мәселелері мен технопарк қызметі жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Премьер-министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешев атқарылған жұмыс туралы есеп берді, сондай-ақ, «Инновациялық технологиялар паркі» еркін экономикалық аймағының даму жоспарлары туралы хабардар етті.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта ЕЭА-қа 87 компания тіркелген. Күтіліп отырғандай, 2020 жылға қарай технопаркте жұмыс істейтін кәсіпорындардың жалпы саны 250-ге жетпек, олардың жиынтық табысы жылына 150 миллиард теңгені құрайды, осы орайда 50 мың жұмыс орны ашылатын болады.

Мемлекет басшысы мемлекет инновациялық кластерді дамытуға ерекше назар аударып отырғанын атап өтті.

«Біз олардың автономдық режімде жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін Инновациялық технологиялар паркі туралы жаңа заң әзірлеудеміз, ал бұл салықтық жеңілдіктерді, алаңдар мен инфрақұрылымдар дайындауды көздейді», - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы «Инновациялық технологиялар паркі» еркін экономикалық аймағы құрылысының тек бірінші кезегіне ғана 7 миллиард 500 миллион теңге инвестиция салынғанын еске салып өтті. Инфрақұрылым құрылысының екінші кезегіне 3 миллиардқа жуық теңге бөлінді.   

Кеңес барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа жүз пайыз қазақтандық үлесті қамтитын бірқатар инновациялық жобалар, сондай-ақ, отандық кәсіпорындар мен әлемнің жетекші компанияларының бірқатар бірлескен әзірлемелері таныстырылды. Атап айтқанда, «SAT&Co» компаниясы әзірлеген үш өлшемді виртуалды бейнекартина трансляциялаудың жаңа технологиясы, сондай-ақ, «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы» АҚ инновациялық-сервистік орталығы мен «Hewlett Packard» компаниясының бірлескен жобасы таныстырылды.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Алматы облысының әкімі А.Мұсахановқа келешекте «Инновациялық технологиялар паркі» еркін экономикалық аймағына беру үшін пайдаланылмаған аумақты мемлекетке қайтару туралы мәселені пысықтауды тапсырды.

Мемлекет басшысы инновациялық даму технологияны жеткізумен ғана шектеліп қалмай, өзіндік технологияны әзірлеу мен енгізуді қамтуы тиістігін атап өтті.

«Әзірше біз шетел тәжірибесін қабылдап жатырмыз, қазір бізді озып бара жатыр. Тіпті ең заманауи шетелдік жабдықты пайдалану өзіндік серпілісімізді білдірмейді. Біз өзімізде пайдаланып және әлемге ұсынуға болатын жаңа нәрселер жасауға бағдар ұстануға тиіспіз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Шетел инвесторлары кеңесінің 26-шы отырысы барысында оларға берілген тапсырмаларды да еске салды. Атап айтқанда, Қазақстан Президенті келешегі бар инновациялық жобаларды қаржыландыратын арнайы венчурлық қор құру жөніндегі жұмысты жеделдетуді тапсырды.

«Бәсекеге қабілеттілікке құр сөзбен қол жеткізе алмаймыз. Инновациялық даму үшін қаржы салу қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кеңестен кейін Қазақстан Президенті өздерінің инновациялық жобаларын ұсынған Халықаралық ақпараттық технологиялар университетін бітіруші түлектермен кездесті.

«Алатау» инновациялық технологиялар паркі Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 18 тамыздағы Жарлығымен қала маңындағы Алатау кентінде құрылған. Парк аумағы ­ Алматыдан 25 шақырым жердегі 343 гектар алаңда орналасқан.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің