Қазақстан Президенті Зияткерлік мектепті аралау барысында ақпараттық стендпен танысып, оқу орнының педагогикалық ұжымымен және оқушылардың ата-аналарымен кездесті.
Мемлекет басшысы кездесуге жиналғандардың алдында сөйлеген сөзінде Қазақстанда 20 зияткерлік мектеп салынатынын атап өтті.
- Бұл мектептер ең дарынды балаларды тәрбиелейтін болады. Ол мектептерде еркін ойлауға үйретеді, олардан көшбасшылар дайындау үшін зерттеумен айналысатын оқушыларды ынталандырып отырады. Мектептер ең озық жабдықтармен жабдықталған, онда білім алу үшін қажетті нәрсенің бәрі бар. Олар үздік университеттерге түсе алатын балаларды дайындайды, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті мемлекет білімге ерекше назар аударып отырғанына тоқталды.
- Бұрын бізде осындай мектептер тұрғызуға мүмкіндіктер болған жоқ. Жиырма бірінші ғасыр – білім мен ғылымның ғасыры. 20-30 жылдан кейін мүлде басқа уақыт келеді, үшінші индустриялық төңкеріс болған кезде мүлде өзгеше технология пайдаланылатын болады. Барлық технологиялық жаңалықты игеру үшін ерекше адамдар қажет. Бізге Қазақстанды XXI ғасырға бастайтын адамдар керек, - деп атап көрсетті Қазақстан Президенті.
Көкшетау қаласындағы Зияткерлік мектеп 2009 жылы «Тұңғыш Президенттің 20 зияткерлік мектебі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылған.
Мектептің жалпы көлемі 12 мың шаршы метрден астам. Мектептің 510 оқушысы Қазақстан Республикасы Президентінің гранты бойынша оқып жатыр. Мектепте мультимедиялық сыныптар, робот техникасы кабинеті, хореография, спорт және жаттығу залдары бар, сондай-ақ 34 қосымша білім беру үйірмесі және 8 спорт секциясы жұмыс істейді. Оқушылар бірнеше рет республикалық, халықаралық олимпиадалардың, шығармашылық және ғылыми конкурстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері болды.