Кеңес барысында қаланың 2013 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған жоспарлар қаралды.
Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев мегаполисті дамыту мәселелері мемлекеттің әрдайым басты назарында болатынын атап өтті.
– Алматы – еліміздегі ірі мегаполис. Оның дамуы Астанамен бірдей деңгейде болуға тиіс. Нақ осындай мегаполис қана ғылым, инновация және білімді дамытудың орталығы болып саналады. Алматы экономика, шағын және орта бизнес, қала құрылысы салаларында көшбасшылық рөлін сақтап келеді. Тұрғындарының саны бір жарым миллиондық межеге таяған қалада біз экологиялық тазалық жайын ойлауымыз керек. Автомобильдер саны артуда, бұл көлік қозғалысын ұйымдастырудың жаңа тәсілдерін қажет етеді. Соңғы жылдары айналмалы көлік жолдары көптеп салынуда, соның арқасында көлік қозғалысының жай-күйі айтарлықтай жақсарды. Сондай-ақ, қаланы дамытудың өзекті мәселелері білім мен ғылым салаларын, жаңа туристік және мәдени нысандарды құру ісін қамтиды. Біздің жұмысымыздың басты бағыты – халықтың әл-ауқатын жақсарту, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті көлік қозғалысын басқару, сондай-ақ сәулеткерлік талаптарды сақтау жөнінде әлемдік үздік тәжірибені қолдану қажеттігіне назар аударды. Атап айтқанда, қаланың сейсмикалық ерекшелігін ескеріп, эстетикалық тартымдылықты сақтау және архитектуралық есептеулер жүргізу қажеттігі атап өтілді.
Мемлекет басшысы қаланың криминогендік жағдайына қатысты 53000 қылмыс тіркелгенін, оның 80%-ы ашылмағанын, бірақ бұл ретте жасөспірімдер қылмысы көбейгені байқалатынына тоқталды. Осыған байланысты, әкімдіктің өтінішімен ішкі істер департаментінің штаты едәуір кеңейді, алайда 500 орын әлі де бос тұр. Қазақстан Президенті Алматының тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Ол жол-көлік оқиғаларының саны 3 есе артып, 7000-ға жеткеніне назар аударды.
– Осы орайда, жол-көлік оқиғаларына танымал адамдардың балалары мен туыстарының жиі қатысы болатыны туралы деректердің де аз емес екенін ерекше атап өткім келеді. Заң алдында барлығы бірдей, сондықтан мұндай жағдайларда балаларды да, ата-аналарын да барынша қатаң жазалау керек, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Алматы бүкіл елімізде жүзеге асырылып жатқан «Қазақстан – 2050» стратегиясын іске асыруға қомақты үлес қосуға тиіс екенін атап көрсетті.
– Қалада индустриялық-инновациялық даму, жұмыспен қамту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, денсаулық сақтау және білім беру салаларында барлық негізгі мемлекеттік бағдарламалар іске асырылуда. Алматы осы бағыттардың бәрінде басты рөл атқаруға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті қалада көп ұлт өкілдері тұратынына орай Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысына назар аударудың маңыздылығын айтты.
– Біздің барлық бағдарламаларымызда Алматының орны ерекше. Бұл қала – Тәуелсіздігіміздің бесігі. Алматыға Астана сияқты бәсекелестің пайда болуын жағымды фактор деп санаймын. Қала мемлекеттің бюджетіне зор үлесін қосып келеді және қазіргі кезде мемлекет те түрлі нысандардың құрылысы мен инфрақұрылымдар үшін мол қаражат инвестициялауда. Қосқан үлес осылай қайтарылады және ол жыл сайын артып отыруға тиіс. Қала зор перспектива мен әлеуетке ие, оны іске асыру қажет. Негізгі мегаполис бола отырып, оның алдағы уақытта да дами беретініне сенімдімін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Өз баяндамасында А.Есімов барлық көрсеткіштер бойынша, атап айтқанда, өнеркәсіп, көлік, сауда және қызмет көрсету салаларында өсім байқалатынын атап өтті.
– Соңғы 5 жылда өңірлік жалпы өнім 2 есе өсіп, 6,4 трлн. теңгеге дейін артты, бұл – жан басына шаққанда шамамен 27 мың доллар. Салық түсімдері – 1 трлн. 360 млрд. теңге, бұл 2012 жылмен салыстырғанда 13%-ға жоғары, – деді Алматы қаласының әкімі.
А.Есімов қаланы дамытудың перспективалық 3 бағыты – Инновациялық технологиялар паркіндегі еркін экономикалық аймақ, Алатау ауданындағы индустриялық аймақ және туризмді дамыту бағыттары белгіленгені жөнінде хабардар етті.
Әкім қаланың экологиялық ахуалын жақсарту және ауаның ластануын азайту жөніндегі тапсырма ерекше бақылауда тұрғанына тоқталды.
– Метрополитен құрылысы жалғасуда, биыл 2 жаңа станса қосылады. 2013 жылы 6 айналма жол пайдалануға берілді, биыл 3-еуі салынады, сондай-ақ тағы 4 айналма жолдың жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау ісі аяқталады. Қалада 2017 жылғы Универсиадаға дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Биыл 12 мың орынға арналған мұз сарайының, 3 мың адамға арналған стадионның және атлеттер қалашығының құрылысы басталады. Міндет – барлық нысанды 2016 жылдың тамызында аяқтау. Сіздің тапсырмаңызға сәйкес біз 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы Алматыда өткізуге өтінім бердік. Мемлекеттегі тұрақтылық пен экономикалық дамудың арқасында оны өткізуге қаламыздың нақты мүмкіндіктері бар, – деді А.Есімов.
Соңында Алматы қаласының әкімі Мемлекет басшысының қолдау көрсетуі арқасында қаланың экономика және әлеуметтік саланың іс жүзінде барлық бағыты бойынша дамуы жақсы қарқын алғанын, сондай-ақ осы қарқынның сақталуы үшін барлық күш-жігер жұмылдырылатынын айтып өтті.