Мемлекет басшысы кездесуге қатысушыларға жергілікті мәслихаттың кезектен тыс сессиясында кандидатурасы мақұлданған облыстың жаңа әкімі Мәлік Мырзалинді таныстырды.
Қазақстан Президенті облыс активіне арнаған сөзінде бірқатар көрсеткіштер бойынша, атап айтқанда өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, инвестициялар тарту көлемі, сондай-ақ тұрғын үй құрылысы жөнінен өңір экономикасы дами түскенін айтты.
– Ауқымды үш дағдарысты бастан өткерсек те, еліміздегі тұрақтылықты сақтап қалдық және әрі қарай дамып келеміз. Экономикалық қиындықтарды еңсеруге мүмкіндік беретін ұлттық қор жинақтай алдық. Енді алдымызда әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу мақсатына қол жеткізу үшін «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауды іске асыру аясындағы жаңа міндеттер тұр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы әлемнің жаңа нақты ахуалы жағдайында технологиялар қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, жолдауда көрсетілген міндеттерді іске асыру үшін жаңа білім мен тәсілдерді қолдану қажеттігіне назар аударды.
Мемлекет басшысы индустрияландыру бағдарламаларын жүзеге асырудың, өңір және бүкіл республика бойынша инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығына тоқталды.
– Таяу жылдары Қазақстанда 7 мың шақырым автомобиль жолдары салынатын болады. Өңірлердің барлығы жоғары сапалы магистральдар арқылы байланысады. Олар балаларымыз бен немерелеріміз үшін мәңгілікке қалатын болады. Сондай-ақ, әуежайлар қалпына келтірілуде. Каспийде 2 теңіз порты салынуда. Елімізде жүзеге асырылып жатқан барлық бағдарламалар жаңаша тәсілдерді қолдануды қажет етеді, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев М.Мырзалинге облыстың ауыл шаруашылығы секторын одан әрі дамытуға қатысты бірқатар міндет жүктеді. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы кооперативін құру, ғылыми әлеуетті пайдалану арқылы өнімділікті арттырып, ауыл шаруашылығына шағын несие бөлу, шағын және орта бизнесті жандандыру арқылы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың маңыздылығын айтты.
Елбасы алдағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында пайдаланылатын облыстың туристік әлеуетін ерекше атап өтті.
Соңында Қазақстан Президенті қатысушыларға биылғы астықтың мол олуын тілеп, көктемгі егіс жұмыстарында табысқа жетулеріне ниеттестік білдірді.