Мемлекет басшысы зауыттың балаларға арналған емдік-профилактикалық тағамдар шығаратын цехын аралап көрді.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев облыстың агроөнеркәсіп кешені өндіретін өнімдермен танысты.
Қазақстан Президенті сондай-ақ кәсіпорын ұжымымен және облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерімен әңгімелесті. Аграрлықтар қол жеткізген табыстары туралы айтты және өңірдің ауыл шаруашылығын дамыту ісіне көрсетіп отырған мемлекеттің қолдауына ризалық білдірді.
Мемлекет басшысы Ақмола облысы елорданың азық-түлікпен қамтамасыз ететін тірегі екенін атап өтті.
– Мемлекет аграрлық салаға зор көмек беруде. 2009 жылдан бері облыстың барлық шаруашылықтар бойынша субсидиялауы 8 есеге ұлғайды. Осыны ескере отырып, мен сіздердің алдарыңызға елорданы өз өнімдеріңізбен қамтамасыз ету жөнінде міндет қоямын. Астана – жақын орналасқан табиғи тұтынушы. Елорда өсіп келеді, сәйкесінше, тұтыну да ұлғая бермек. Жалпы алғанда, Ақмола облысы елдің өзге де солтүстік өңірлерімен бірге әлемдік маңызға ие астықты аймақ. Бүгінде Қазақстанның бидайы танымал бренд саналады және әлемдік азық-түлік қорын есептеу кезінде біздің елдің ресурсы да қаперге алынады. Соған орай біз үшін аграрлық өнімдердің көлемі мен сапасын одан әрі арттыру зор жауапкершілік болып саналады, –деді Қазақстан Президенті.
Сүт өңдейтін зауыттың қуаты тәулігіне 160 тоннаны құрайды. Кәсіпорында 175 адам жұмыс істейді. Өнімдер негізінен отандық нарықта сатылады.