Зауытқа келген Елбасы катерлер мен кемелердің макеттері қойылған көрмені аралап көрді. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ еңбек ұжымының мүшелерімен әңгімелесті. Мемлекет басшысы кеме жасау отандық экономикадағы жаңа сала екенін, оның шығаратын өніміне нарықта сұраныс бар екенін айтты. Қазақстан Президенті индустриялық-инновациялық даму осындай кәсіпорындарға арқа сүйейтініне назар аударды. Әңгіме барысында зауыт жұмысшылары елде жүзеге асырылып жатқан бағдарламаларға қолдау білдіре отырып, өз табыстары туралы баяндады. *** Кәсіпорын арнаулы техника, мұнай-газ саласы үшін жабдықталған катер және кемелер сияқты өнімдер шығарады. Зауыт технологиялық үдерістердің кең ауқымын қажет ететін конструкциясы күрделі әрі қиын бұйымдар жасауға бағытталған.