Брифинг барысында Мемлекет басшысы Халықаралық экономикалық форумға қатысуының негізгі қорытындысы, сондай-ақ осы шара аясында жүргізілген келіссөздер нәтижелері туралы айтып өтті.
– Ең алдымен қазіргідей қиын кезеңде біз Санкт-Петербург экономикалық форумын және Ресейдің басшылығына қолдау көрсеттік. Бұдан бөлек, мен форумда сөйлеген сөзімде бірқатар мәселелер жөнінде тағы да Қазақстанның ұстанымын жеткіздім. Біздің қандай инвестициялық мүмкіндіктерге ие болып отырғанымыз, оларды әрі қарай дамыту үшін қандай қадамдар жасап жатқанымыз туралы айттым, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев форум аясында Ресейдің іскер топтар өкілдерімен кездесулер табысты өткенін айтты.
– Мен Ресей бизнесінің капитандарымен – елдің ірі мемлекеттік корпорациялары мен жеке компанияларының жетекшілерімен кездестім. Олардың көбі бүгінде Қазақстанда жұмыс жүргізуде.
Бүгінде бізде Ресеймен бірлескен 6 мыңдай кәсіпорын бар. Жоспарланып отырған жобалар құны 25 млрд долларға дейін жетеді, оның 6-7 миллиарды шағын және орта бизнеске тиесілі. Күрделі дағдарыс кезеңінде бұл үлкен көмек. Біз осы бағыттағы жұмысты жалғастырамыз. Қазақстанда 4 қазанда дәстүрлі Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы болады. Оның аясында көптеген іскерлік кездесулер өтеді, ресейлік компаниялармен арада нақты уағдаластықтарға қол жеткізу үшін біз оған дайындаламыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті талқыланған тақырыптар арасында мұнай-газ, энергетика, көлік-логистика, медицина салаларындағы ынтымақтастық, сондай-ақ бірлескен инфрақұрылымдық жобаларға қатысты мәселелер болғанын айтты. Атап айтқанда, «Қорғас» құрғақ порты аясындағы өзара іс-қимыл мен Ақтау еркін экономика аймағын дамыту жөнінде әңгіме болды.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен және Ресей Президенті Владимир Путинмен жүргізілген келіссөздерге тоқталып өтті.
– Пан Ги Мунмен кездесуде біз әлемдегі қазіргі ахуал және ұйыммен одан әрі ынтымақтасудың перспективалары жөнінде пікір алмастық. Ресей Президентімен келіссөз барысында Ташкентте өтетін Мемлекеттер басшылары кеңесінің – Шанхай ынтымақтастық ұйымы мүшелері отырысының күн тәртібінде тұрған мәселелер талқыланды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап бере отырып, жаһандық диалогқа қолайлы платформа қалыптастыратын мұндай форумдардың біздің ел үшін маңызды рөлі бар екенін атап өтті.
– Сондықтан да біз Астана экономикалық форумын өткізіп келеміз. Оның ауқымы бұдан тіпті де кем емес, бүкіл әлемнен өкілдер мен Нобель сыйлығының лауреаттары келіп қатысады. Әрине, бұл форумдар барлық мәселені бірден шешпейді. Алайда диалог жүргізуге, әлемде не болып жатқанын, бизнес үшін қандай мүмкіндіктер бар екенін білуге жағдай туғызады. Бізге өз еліміз туралы, соның ішінде қандай заңдар қолданылатынын, салық салу жүйесі қалай жұмыс жүргізетін, бизнес үшін қандай жағдайлар жасалғанын айту қажет. Бұл тұрғыдан осындай форумдардың орны бөлек. Сонымен қатар олар Қазақстанға деген сенім мен қызығушылықтың оянуына септігін тигізеді, соның арқасында елімізге инвестиция келеді, – деп түйіндеді Қазақстан Президенті.