National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайдың «China Daily» қоғамдық-саяси газетіне берген сұхбаты

2013 жылғы 08 сәуір

 

Қазақстан Президенті өңдеу саласында және өзге де шикізаттық емес салаларда екіжақты ынтымақтастық алдыңғы кезекте тұрғанын атап өтіп, екі елдің қазірдің өзінде кең ауқымды жобаларды белсене іске асырып жатқанына тоқталды.

Мәселен, көлік саласындағы өзара іс-қимылдың жандануы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль магистралының қазақстандық телімін пайдалану арқылы қамтамасыз етіледі. Болжам бойынша, 2015 жылы оның жұмысының басталуы екі ел арасындағы жүк тасымалы көлемін 12 миллион тоннадан 33 миллион тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

2012 жылы екі ел арасындағы теміржол арқылы жүк айналымы 16 миллион тоннадан асты. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, мүмкіндіктер арта түсуде. 

Өткен жылғы желтоқсанның соңында «Алтынкөл-Қорғас» теміржол өткелі пайдалануға берілді, ол Қытайдан Орталық Азия мен Парсы шығанағы елдеріне жүк жеткізілетін арақашықтықты 500 шақырымға қысқартты. Бұл бағыт бойынша 2015 жылға қарай жүк айналымы 4,5 миллион тоннаға жетеді деп күтіліп отыр. Ал келешекте оның жыл сайынғы қуаты 25 миллион тоннаға жетеді.

Сонымен қатар, Қазақстандағы «Қазақстан темір жолы» теміржол компаниясы Қытайдың Ляньюньган портында терминал құрылысын салу мәселесін пысықтауда.

Нұрсұлтан Назарбаев екі көршілес елдің тағы да бірқатар жобаларды іске асырып жатқанын атап өтті. Оның ішінде электр энергиясын генерациялау саласында, күн сәулесін, желді пайдаланатын станцияны және су электр станциясын қоса алғанда, жалпы құны 1,2 миллиард доллардан асатын 4 жоба бар.

Осылайша, шикізаттық емес саладағы ынтымақтастық үдемелі қарқынмен дамып келеді. Қазақстан Президенті осыған орай қолда бар мол мүмкіндіктің бәрінің кеңінен пайдаланылатына сенім білдірді.

Мұнай-газ индустриясынан тыс өзара іс-қимыл аясын кеңейту және шикізаттық емес жоғары технологиялы сектордағы, ғылыми-зерттеу және білім беру салаларындағы серіктестікті күшейту қажеттігі пісіп-жетілді.

Мемлекет басшысы Астана мен Пекиннің қарым-қатынасы туралы айта келе, дәйекті көп деңгейлі өзара іс-қимыл қуатты, сындарлы және практикалық байланыстарға айналғанын атап өтті. Бұл бүгінде тату көршілік пен өзара сыйластықтың үлгісі болып отыр.  

Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясында Қытаймен қарым-қатынасты нығайту біздің еліміздің сыртқы саясаттағы басымдығы болып саналады.  

Екі мемлекет арасында еңсерілмейтін ешқандай қайшылық жоқ. Бір ғана сын-қатер бірлескен жобалардың тиімділігін одан әрі арттыра түсуге, сондай-ақ, өзара іс-қимыл аясын кеңейте түсуге байланысты болып отыр.

Қазақстан Президенті біздің республикамыз бен Қытайдың ынтымақтастығы «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу барысында оның тиімділігін арттырып қана қоймайды, ұзақ мерзімге арналған бірлескен жобалардың жаңа перспективалық бағыттарына жол ашады деген пікірін білдірді.

Шанхайда өткен ЭКСПО-2010 көрмесі қатысушылар мен келушілер саны, экспозиция алаңы жөнінен рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Қытай мұндай іс-шараны өткізу үшін ұйымдастырушылық жағынан да, техникалық жағынан да жаңа стандарт ұсынды.

Мемлекет басшысы Қытай компаниялары көрме нысандары құрылысын салуға және соған сәйкес инфрақұрылым түзуге қызығушылық танытатынына сенім білдірді. Бірақ сонымен қатар,  «ЭКСПО-2017» көрмесінің негізгі тақырыбына айналатын баламалы энергетика саласындағы бірлескен жобалардың өзара іс-қимыл үшін жаңа мүмкіндіктер ашуы және ынтымақтастықтың мәнді саласына айналуы өте маңызды.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің