Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары барысында Қазақстан мен Қытайдың бірлесіп түсірген «Композитор» атты бірінші кинофильмінің шығармашылық тобымен кездесті. Фильм Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанда болған қытай композиторы Си Синхай мен қазақ композиторы Бақытжан Байқадамовтың достығына арналған. Қазақстан Президенті фильм трейлерінің таныстырылым рәсімінде актерлер құрамына кәсіби өнер көрсеткені үшін ризашылық білдіріп, екі елдің мәдени саладағы ынтымақтастығының жоғары деңгейге көтерілгенін атап өтті. Көркем фильмді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен Қытайдың «Shinework Pictures» және «China Film Coproduction Corporation» компаниялары түсірген. Басты рөлдерде қазақстандық актерлер – Берік Айтжанов, Алтынай Нөгербек, Аружан Жазылбекова, қытайлық актерлер – Ху Цзюнь және Юань Цюань ойнайды.